$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да 2500 студент дуалды білім алып жүр

Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің негізі 1957 жылы қаланған

СҚО-да 2500 студент дуалды білім алып жүр

Солтүстік Қазақстан облысында 21 колледж дуалды білім беру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Өңірдегі 300-ге тарта кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. 30 мамандық бойынша білім алып жүрген 2500-ге жуық студент теориямен қатар тәжірибені ұштастырып жүр.

Бүгінгі еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлап жүрген білім ордаларының бірі – Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі. Оның қатарында білім беру және ауыл шаруашылығы саласы бар. Ашылғанына 64 жыл болған колледж 15 мыңнан астам түлекті қияға қанат қақтырды. Әрқашан сапаға баса назар аударатын ұжым өз жұмысында дуалды білім беру жүйесін де ұтымды пайдаланып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

КОЛЛЕДЖДЕ 15 МЫҢНАН АСТАМ МАМАН ДАЯРЛАНДЫ

Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің негізі 1957 жылы қаланған. Білім ордасына қабылданған студенттер араға 3 жыл салып кәсіптік білім алғаны туралы дипломға ие болды. 58 жас маман ауыл шаруашылығы саласында еңбек жолын бастады.

Колледж 60 жылдық тарихында елдің халық шаруашылығы үшін 15 мыңнан астам маман даярлады. 1983-1993 жылдар аралығында шетелдік азаматтар да білім алды. Атап айтар болсақ, Қызылжардан Вьетнамға 60, Лаосқа 23, Кампучияға 15, Ауғанстан Демократиялық Республикасына 46, Моңғолияға 15 маман аттанды.

«Біз сапалы білім беруге баса көңіл бөлеміз. Өйткені қазіргі еңбек нарығында бәсекеге төтеп бере алатын мамандар ғана сұранысқа ие. Колледждің көптеген түлектері жақсы жетістіктерге жеткенін мақтанышпен айта аламын. «СевКазэнерго» АҚ бас директоры Леонид Ларичев, Петропавл қаласының машина жасау колледжінің директоры Анатолий Фурманюк, «Дайындық-Агро» серіктестігінің директоры Біржан Шаймерденов, Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің оқытушысы, т.ғ.к., профессор Серік Тойғамбаев, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Спорттық бағдарлау бойынша 7-ші Қысқы Азия ойындарының алтын медалінің иегері Аслан Тоқбаев – біздің ұстаздардың алдынан тәлім алған. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Біз оларды студенттерімізге де үлгі етіп айтып отырамыз», - дейді кәсіби-педагогикалық колледж директоры Еркін Жақыпов.

ДУАЛДЫ БІЛІМ БЕРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

2015 жылдан бастап колледж дуалды білім беру жүйесі бойынша жұмыс істеп келеді. Оқу орны облыс орталығындағы кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істейді. Студенттер теориялық білім алумен қатар тәжірибелерін де шыңдайды.

«Біздің мақсатымыз – мамандарды жұмыс берушінің талабына сай етіп даярлау. Дуалды оқыту шеңберінде «СТО Джип», «ВиВаГа-Лада», «Трак сервис Казахстан» сынды автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станцияларымен бірлесе жұмыс істейміз. Сонымен қатар, «СевКазЭнерго», «Основание» сынды энергетика және құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарымен шарт жасалды. Келісім негізінде кәсіпорындарда тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Оның барлығы сабақ жоспарына енгізілген. Колледж негізгі пәндер бойынша жұмыс оқу бағдарламаларын жұмыс берушілермен келіседі. Серіктес кәсіпорындардың мамандары педагогикалық қызметке және студенттердің білімін бағалауға белсенді түрде тартылады», - дейді колледж директорының орынбасары Юрий Данилов.

Өңірді жылу және электр энергиясымен қамтып отырған «СҚО Энергия таратушы компания» серіктестігінде жұмыс істеп жүрген мамандардың 70 пайызы – кәсіптік-педагогикалық колледждің түлектері. Аталған кәсіпорын 2015 жылдан бері білім ордасымен әлеуметтік серіктестік орнатқан. Онда студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді.

Игорь Фурсов – кәсіптік-педагогикалық колледждің түлегі. Қазір энергетика саласында еңбек етіп жүр.

«Өз мамандығы бойынша жұмыс істеу – бұл кәсіби деңгейдің көрсеткіші. Мен үшін колледжде алған білім – болашақ мансабымның іргетасы деп білемін. Өзім қатарлы студенттердің өндірістік тәжірибеден өткен кәсіпорындарға жұмысқа қабылданғанын талай көрдім. Өйткені біздің колледжде оқытылатын барлық мамандықтар сұранысқа ие. Теориялық білім мен тәжірибе қатар жүретіндіктен де еңбек кітапшасында жазбасы жоқ жастар да жұмысқа тез қабылданады», - дейді ол.

ҰЖЫМДА 6 «ҮЗДІК ПЕДАГОГ» ЕҢБЕК ЕТЕДІ

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы үздік оқу орындарының бірі. Онда 11 мамандық бойынша 1200-ден астам студент оқып жүр. Колледжде сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Ұжым жыл сайын ИСО 9001:2015 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігіне инспекциялық аудиттен өтеді.

«Колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту және дамыту бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау сапасын арттырудың міндетті шарты. Осыған байланысты «Жас маман» жобасына қатысу арқылы «Bosch» сияқты әлемдік өндірушілердің заманауи оқу жабдықтарын сатып алуға мүмкіндік туды. Жобаны іске асыру шеңберінде дәнекерлеу, токарлық, слесарлық цехтар, автомобильдерді диагностикалау және қызмет көрсету және жөндеу цехы қайта жаңғыртылып, қайта жабдықталды. Осы бағдарлама бойынша колледждің автомобиль паркі заманауи оқу жеңіл және жүк автомобильдерімен, Hyndai, KIA өндірушілерінің микроавтобусымен толықтырылды. Мықты материалдық техникалық база мен білікті ұстаздар – жақсы маман даярлаудың кепілі. 6 жыл қатарынан мұғалімдеріміз республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанды», - дейді Еркін Жақыпов.

Серіктес жаңалықтары