Жүргізуші куәлігін жасатпақ болған семейлік алаяқтықтың құрбаны болды
Ол алаяққа 100 мың теңге берген
Семей қаласының тұрғыны жүргізуші куәлігін жасатпақ болып алаяққа алданып қалды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми хабарламаға сүйенсек, «102» жедел арнасына 21 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Оның айтуынша, Дулатов көшесінің бойында өзін әңгімеге тартқан бейтаныс жігіт жүргізуші куәлігін жасап бере алатынын айтып, 100 мың теңге сұраған. Бұған сенген азамат алаяққа сұраған ақшасын бере салған.
«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері көп ұзамай күдіктіні ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Кінәсін мойындаған ер адам ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.