Алматыда үлескерлер үш жылдан бері не пәтерін, не ақшасын ала алмай жүр
Үлескерлер жер телімінің иесін сотқа берген
Алматыда үлескерлер болашақ үйлерінің құрылысына 111 миллион теңге салған. Алайда үшінші жыл қатарынан пәтерді де, ақшаны да қайтара алмай келеді, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі.
Наурызбай ауданындағы "Ақжар Тау" тұрғын үй кешені екі жыл бұрын қолданысқа берілуі керек болған. Осындай есеппен үлескерлер өз қаржысын салыпты. Дегенмен қазір пәтер де, ақша да жоқ дейді олар. Ал жер телімінің иесі құрылысқа бірнеше компанияны жұмылдырған.
"Мен мұнда 23 миллион теңге құйдым. Яғни шаршы метрін 140 мың теңгеден сатып алғанмын. Сол уақыттан бері менің жерімді бірнеше адамға сатқан. Мұнда алаяқтар жұмыс істейді. Шамамен 13 компания жұмылдырылған", – деді үлескерлердің бірі Бақытбек Сүлейменов.
Үлескерлер жер телімінің иесін сотқа берген. Қалалық сотта жеңгенімен, құрылыс жүргізуші компания шешімді өзгертуді сұрап, Жоғарғы сотқа кассация жолдаған.
Жер теліміне иелік ететін "ЮрАйКом" компаниясының директоры үлескерлер жайлы білмегенін мәлімдеді. Құрылыс жүргізетін компаниялар өз қаржыларын пайдалануы тиіс болған. Алайда олар заңсыз үлескерлерді тартқан. Ал сот пен тағылған айыпты рейдерлік шабуыл деп бағалады.
"Квитанция мен ақша аударымдары, "ЮрАйКом" мен әкімдіктің рұқсаты қайсы? Оларда ештеңе жоқ. Олардың әрқайсысы келісімшартқа қол қоймас бұрын маған келуі керек еді. Жер телімінің иесі ретінде менің келісетінімді білуі тиіс болған", – деп мәлімдеді "ЮрАйКом" ЖШС директоры Мұратқазы Рақымбердинов.
Соңғы шешімді Жоғарғы сот қабылдауы тиіс. Ал мамандар үлескерлерге өздерін қорғау үшін құрылыс жүргізетін компаниядан кепілдік талап етуі тиіс екенін немесе әкімдіктің үлескерлер ақшасын пайдалануға берілген рұқсатын сұрау керегін айтады.