Қарағандыдағы Октябрьский ауданына Әлихан Бөкейханның есімі берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Қарағандылықтарды тарихи оқиғамен қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев құттықтады

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандының Октябрьский ауданы Әлихан Бөкейханның есімімен аталатын болды. Бұл туралы Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарағандылықтарды көптен күткен тарихи оқиғамен қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев құттықтады.

«Ауданды қайта атау – бұл ең алдымен Әлихан Бөкейханның тарихи қызметіне, жалпы еліміздің тарихына берілген құрмет. Ауданның атауы ғана емес, келбеті де өзгереді. Соңғы бірнеше жылда үйлердің қасбеттерін, шатырларын, кіреберіс жолдары мен орамішілік жолдарды жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Майқұдық орталық жолын ауқымды қайта құру аяқталды. Бірнеше заманауи тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүріп жатыр, шағын аудандарда жаңа емханалар іске қосылды. Қайта құру жұмыстарынан кейін «Литейщик» стадионы ашылды. Алда әлі талай өзгерістер бар», – деді Ермағанбет Бөлекбаев.

Айта кетейік, аудан 1938 жылы қаланың солтүстік бөлігінде құрылған. 1961 жылға дейін Сталин деп аталды. Содан кейін ол Октябрь деп аталды. Оның ауданы – 22,4 мың га, халқы – 227 мың адам. Құрамына Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау кіреді.