Бұл қайғылы оқиға сол уақытта қоғамдық резонанс тудырған еді
Алматы облысында төрт жыл бұрын кісі өлтірген азаматты 20 жылға соттады, деп хабарлайды Sputnik.kz.
2017 жылдың қазан айында Қаратал ауданының полициясына Ортатөбе ауылының 65 жастағы тұрғынының жеке үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-тергеу тобы қол-аяғы байланған егде жастағы ер адамның денесін тапты. Сот сарапшылары ол бірнеше пышақ жарақатынан қайтыс болғанын анықтады.
Оқиға орнын тексеру кезінде үйден 50 000 теңгеге жуық ақша мен жалпы сомасы 288 000 теңге шамасында түрлі зат ұрланғаны анықталды.
Бұл жағдай қоғамдық резонанс тудырды. Жәбірленушінің туыстары қылмыскерлерді ұстауға көмектесу үшін БАҚ арқылы үндеу жасады. Олардың шағымы бойынша қылмыстық істі тергеу облыстық департамент басшылығының жеке бақылауына алынды. Кісі өлімімен аяқталған қарақшылық шабуылды ашуға ең тәжірибелі жедел уәкілдер мен тергеушілер қосылды.
Осы жылдың басында тәртіп сақшылары есірткі сатқаны үшін бұрын сотталған 40 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Тергеу судьясы күдіктіні қамауға алуға санкция берді.
Алматы облыстық сотының үкімімен күдікті Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 4-тармақтары; 99-бабы 2-бөлігінің 7, 8-тармақтары ("Қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатындағы шабуылға ұшыраған адамның өмiрiне немесе денсаулығына күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл, кісі өлтіру") бойынша кінәлі деп танылды.
Ер адам төтенше қауіпсіздік мекемесінде 20 жыл жазасын өтейтін болды.
Желтоқсан айының басында үкім заңды күшіне енді.