Қостанайда малды атып алатын қарақшылар ұсталды

Azattyq Rýhy

Олар түнгі уақытта иесіз жүрген төрт түлікті олжалап келген

Қостанайда малды атып алатын қарақшылар ұсталды
Фото ашық дереккөзден

Қостанай облысында өрісте жайылып жүрген төрт түлікті атып алатын қарақшылар ұсталды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Әккі ұрылар көбіне түнде жорыққа шығып, иесіз жүрген жануарларды жайратып келген. Ал олжалаған мал етін дүкендерге өткізіп мол пайдаға кенеліпті.

Ұйымдасқан топ күндіз малдың өрісін бақылап, тек түнде жорыққа шығып жүрген. Сөйтіп кезіккен жануарларды атып алып, сол жерде жіліктеп, тек терісін тастап кететін болған. Ел-жұрттан шағым көбейгесін тәртіп сақшылары білек сыбана кірісіп, барымташыларды екі қошқарды ұрлау барысында ұстады. Ізінше біраз қылмыс әшкереленді. Тек Амангелді мен Арқалық аудандарынан 6 деректі осылар мойындап отыр. Қазір күдіктілердің үшеуі қамауға алынып, екеуі қолхатпен үйіне жіберілген. 

«Тексеру барысында күдіктілердің бірінің үйінен 12 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленді. Және осы қаруға арналған оқ-дәрілер де табылды. Қазіргі таңда дерекке қатысты тергеу жүріп жатыр», - деді Қостанай облысы ПД криминалды полиция басқармасының қызметкері Ерлан Шәріпов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.