«Балқаш көлінің таяздануы экологиялық апатқа әкеп соғуы мүмкін»: Депутат көлді сақтау үшін кешенді жоспар керек екенін айтты
Соңғы 14 жылда көлді зерттеу бойынша кешенді зерттеулер іс жүзінде мүлде жүргізілмеген
Балқаш көлі жылдан-жылға таязданып барады. Оның соңы экологиялық апатқа әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды Астана арнасы.
Сенат депутаты Рысқали Әбдікерімовтің айтуынша, соңғы 14 жылда көлді зерттеу бойынша кешенді зерттеулер іс жүзінде мүлде жүргізілмеген. Сондықтан көлдегі су деңгейінің өзгеруі туралы нақты статистика жоқ.
Көлге құятын негізгі Іле өзені Қытай тарапынан келеді, оның нақты мөлшері бүгінгі күні анық емес. Ал оған жауап беретін мемлекеттік органдардың жұмысында бірізділік жоқ деді, депутат. Сондықтан үкімет басшысы мәселені назарға алуын сұрайды.
«Іле өзенін ұтымды пайдалануға қатысты Келісімді еліміз мүддесіне сай келетіндей етіп одан әрі пысықтауды, Балқаш көлін келешек үшін сақтау бойынша нақтыланған арнайы жоспар әзірлеп, көлге қатысты кешенді, терең зерттеулер жүргізе отырып, экологиялық қауіп деңгейін анықтауды, Іле өзені арқылы құйылатын су мөлшерін арттырып үнемдеу үшін өзенге салынған гидромелиоративтік жүйелерді қайта жаңарту мен суарудың заманауи технологияларын енгізуді сұраймыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікерімов.