Елордада құрылысы ұзаққа созылған үйлердің бірі қолданысқа берілді

Автор: Azattyq Rýhy

2019 жылдың алты айында 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. 2020 жылы 20 көппәтерлі тұрғын үй аяқталды

Елордада «Жеті жол» проблемалық тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне пәтер кілттері табысталды. Қала тұрғындары қоныс тойын 8 жылдан астам күтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Тұңғыш Президент күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағы бір тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. «Жеті жол» ТК 2018 жылы проблемалық деп танылды. Бастапқы мердігердің құрылысы 2013 жылы басталдған. 8 жылдан кейін «Жеті жол» ТК-нің 600-ге жуық үлескерлері өз пәтерінің кілтін алды», - деді тұрғын үйдің құрылысымен айналысқан «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басқарушы директоры Мақсат Шаяхметов.

Айта кетейік, Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы құрылды. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС мемлекеттік бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ведомствоаралық комиссиясы ұсынған проблемалық нысандардың құрылысын қаржыландырады.

Компанияның басқарушы директорының айтуынша, 2021 жылдың соңына дейін әкімдік "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС алдына 7,5 мың үлескер бар 18 объектідегі 57 үйдің проблемасын шешу міндетін қойған. Оның ішінде 31 үйдің мәселесі шешілді, 4,3 мыңнан астам үлескерге өз пәтерлерін жөндеу үшін кілттер беріледі. Елорда үлескерлерінің проблемалық мәселелерін 2022 жылдың соңына дейін шешу жоспарланған.

«Мен «Жеті жол» ТК үлескерімін. Пәтерімізді 8 жылға жуық күттік. Бүгін біз үшін қуанышты оқиға. Кілтімізді алып отырмыз», - деп үлескер Жараскан Байтасова қуанышымен бөлісті.

Айта кетейік, 2019 жылдың жазында елордада 150-ден астам проблемалы тұрғын үй болған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұзақ құрылыс жұмыстарын аяқтау жүйелі түрде жүргізілуде.

«2019 жылдың алты айында 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. 2020 жылы 20 көппәтерлі тұрғын үй аяқталды.

Биыл елордада тағы 57 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Оның нәтижесінде 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтеріне ие болады.

Үлестік құрылыстың әрбір объектісі бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылыс жұмыстарының аяқталу барысы Мемлекет басшысының бақылауында», - деп жазады қалалық әкімдіктің ресми сайты.