Бұрын «ҚазАгро» құрамында жеті компания болса, енді үшеуге дейін қысқарады
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі 1100 қызметкерін жұмыстан қысқартатын болды. Холдинг қызметкерлер санын азайту арқылы 3,2 млрд теңге үнемдемек. Бұл туралы Сенат отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты. Министр «ҚазАгро»-ның қарызға белшесінен батып қалғанын жасырған жоқ.
«Ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген ақша «ҚазАгроның» қарыздарын жабуға жұмсалмайды. Бірден оған тиесілі «Аграрлық кредит корпорациясы», «Қазагрофинанс» компанияларына бағытталады. Сол арқылы тауар өндірушілер қаржыландырады», - деді ол.
Қарыздарынан құтылған соң холдингте бірқатар құрылымдық өзгерістер болатын көрінеді. Мәселен, «ҚазАгроГарант» компаниясын «Агрокредит» корпорациясына қосып, басқа екі компанияны толық жауып тастамақ. Министр бұрын «ҚазАгро» құрамында жеті компания болса, енді оның тек үшеуі қалатынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін «ҚазАгро»-ның шығындары 399,1 миллиардқа жеткені белгілі болған. Осылайша, холдинг менеджменті маусым айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да сынына іліккен еді.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазАгро»-ның шығыны 120 миллиард теңгені құрады. Оның қаржыландырған 672 жобасының 270-і, яғни 40%-ы жүзеге аспай тұрып қалған. Холдинг басшылығына шетелден мамандар тарту керек», - деген еді Қ.Тоқаев.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан