ДСҰ конференциясы коронавирустың жаңа штамына байланысты кейінге қалдырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оны өткізудің жаңа мерзімі әлі анықталған жоқ

Фото ашық дереккөзден

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) Оңтүстік Африкада омикрон коронавирусының жаңа штамының пайда болуына байланысты төрт жылдан бері  алғаш өткелі тұрған министрлік конференциясын кейінге қалдыруға шешім қабылдады. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.

Кездесу 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтуі керек еді. Оны өткізудің жаңа мерзімі әлі анықталған жоқ. "Интерфакс" Ресей делегациясының дереккөзіне сілтеме жасай отырып, іс-шараны кейінге қалдыру Швейцария билігінің Оңтүстік Африка мен Африканың бірқатар елдерімен әуе қатынасын тоқтата тұру туралы шешімімен байланысты деп түсіндіреді.

Бұған дейін ДДҰ сарапшылары Оңтүстік Африкада анықталған коронавирустың B. 1.1.529 жаңа штамын анықтап, оған грекше "омикрон" деген атау берген. Ұйымның мәліметінше, вирус бірқатар мутациялардан кейін ағзадағы ақуыз құрамына әсер етуі мүмкін, ал мұндай өзгеріспен қазіргі вакциналар соншалықты тиімді болмауы ықтимал.