Колледждерде 50 мамандық бойынша оқыту тоқтатылды – БҒМ

Azattyq Rýhy

Оқу процесіне сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп жатыр

Білім және ғылым министрлігі сұранысқа сай келмейтін 50 мамандық бойынша колледждерге қабылдауды тоқтатты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) мамандықтары мен біліктіліктерінің жаңа сыныптауышын әзірлеп, бекітті. Өзгерістер колледждерде оқытылатын мамандықтар еңбек нарығының қазіргі сұраныстарына сәйкес келуі үшін жасалған.

Ендігі кезекте оқу процесіне сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп жатыр.

Мәселен, қазақстандық колледждерде сынама іріктеуші, шам жасаушы, гувернер, заңгер-консульт және тағы басқа мамандықтар бойынша қабылдау тоқтатылды.

Сондай-ақ жіктеушіден «Білім беру ұйымының зертханашысы», «Патенттану» және басқа да мамандықтар алынып тасталды.

«Біздің басты мақсатымыз – білім беру бағдарламалары мен оқытылатын мамандықтарды жұмыс берушілердің заманауи сұраныстарына сәйкестендіру болып табылады. Сондықтан біз үлкен талдау жұмыстарын жүргізіп, еңбек нарығына мониторинг жүргіздік. Жұмыс берушілермен және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездестік. Олардың ұсыныстарын ескере отырып, мамандықтар жіктеуішісін жаңарттық. Енді қазақстандық колледждерде «Робототехника және ендірілген жүйелер», «Наноматериалдар негізіндегі бұйымдар технологиясы», «Өндірістің аддитивті технологиялары», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері», «Жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру», «Графикалық және мультимедиялық дизайн», «Тас өңдеу өндірісі», «Ландшафтық дизайн», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Дестинацияны басқару», «Құрылыстағы сметалық іс», «Еңбекті қорғау және технологиялық процестердің қауіпсіздігі» және басқа да жаңа мамандықтар оқытылады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.