Алматы қаласында жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Қалада қазіргі уақытта 151 бағыт бойынша 2400-ден астам қоғамдық көлік жүреді

Жаңа тарифті келесі жылдан бастап  іске қосу жоспарланған. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Құсайыновтың сөзінше, қоғамдық көліктермен жүрудің шынайы құны қазіргі бағадан екі есеге жоғары. Оның сөзінше, жаңа жылдан бастап қоғамдық көлікте көптеген өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Мысалы, жаңа тасымалдаушы талаптар саясаты жасалады. Билік жаңа шарттарда жұмыс істей алатын компанияларды ғана тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«80 теңгелік ақы төмен тариф, нақты баға екі есеге жуық жоғары. Жаңа жылдан кейін тарифтерді қаншаға өзгертуге болатынын қарастыруымыз керек шығар. Бұл өзекті мәселе. Бағаны кәсіпорындар мен тасымалдаушылар көтеруге дайын, себебі жол ақысы олардың  негізгі табысы, бірақ біз халықтың төлем қабілетіне де қараймыз. Десе де жол ақысын  көтеру мәселесінің уақыты жеткен, нақты қанша деген сұрақты әлі айта алмаймын», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов.

Қазіргі уақытта Оңай картасы арқылы жол жүру құны 80 теңге болғанмен, қолма қол төлем 150 теңге. Қалада қазіргі уақытта 151 бағыт бойынша 2400-ден астам қоғамдық көлік жүреді. Қоғамдық көліктердің жұмысын қамтамасыз ету үшін заңнамаға сәйкес тасымалдаушылар үздіксіз субсидияланады. 151 қалалық бағытқа қызмет көрсету бойынша 21 тасымалдаушы компания жұмыс істейді. Бағыттар бойынша 2 441 автобус жүреді. Оның ішінде 515 газ автобусы, 196 троллейбус, 15 электр автобусы және дизельдегі 1 715 автобус бар.

«2021 және 2022 жылдары «Алматыэлектротранс» ЖШС коммуналдық автобус паркі 300 газ автобусын сатып алуды жоспарлаған. Бұдан өзге, жеке инвестор 2022 жылы қалалық бағыттарға қызмет көрсететін 200-ге дейін газ автобусын сатып алу, көлік санын 2025 жылға дейін 500 жылжымалы бірлікке дейін ұлғайту, жаңа автобус паркін салу мәселесін қарастыруда. Бұл жұмыс жүйелі негізде жүргізілуде. Сондай-ақ, 2022 жылы Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта автобус паркін салу жоспарланған», - деді Алматы әкімінің орынбасары.