«Тау-кен жұмыстарын жүргізу құжатқа сәйкес болмаған»: министр Абай шахтасындағы төтенше жағдайдың себебін айтты
«Абай» шахтасында метан газы таралған. Салдарынан алты адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Абай шахтасындағы төтенше жағдайды тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Комиссия апат болған жерді екі мәрте тексеріп, куәгерлерден, оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алды. Техникалық құжаттаманы зерделеп, бес сараптамалық шағын комиссияның және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы бойынша метан газының бөліну және тау-кен массасының шығарылуынан газдинамикалық құбылыс салдарынан болған апат деген қорытындыға келді. «Көмір мен газдың кенет таралуы ықтималдығы жоғары қауіпті қабаттарда тау-кен жұмыстарын жүргізу жөніндегі нұсқаулық» қолданыстағы нормативтік құжатқа сәйкес емес», - деп атап өтті министр.
Апатқа тергеу жүргізу барасында комиссия бұл оқиға қызметкерлердің жұмыс орнында және жұмыс уақытында еңбек міндеттерін орындау кезінде апат салдарынан болғанын анықтады. Яғни ол өндірістегі жазатайым оқиға ретінде есепке алынады және еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актілермен ресімделеді. «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы қауіпті кәсіпорынның иесі бола тұра, еңбектің қауіпсіздігі жағдайын және тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс орындарында кез келген қауіп-қатердің алдын алуды қамтамасыз етпегендігіне, сондай-ақ қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері мен олардың салдарының алдын алуға және жоюға бағытталған іс-шаралардың толық көлемде жүзеге асырылуын қамтамасыз етпегендігі үшін жауапты.
Комиссия себеп-салдарын жою және орындау мерзімдері бар, сол сияқты осы тәрізді апаттарға жол бермеу бойынша 37 іс-шара әзірледі.
Еске сала кетейік, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы таралған. Салдарынан алты адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеген, оның ішінде 8 адам кен орнында болды.