Депутат Ерлан Сайыров Үкіметтен көмір бағасын қадағалауды сұрады

Nur Otan партиясының фракция мүшелері аталған мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады

Депутат Ерлан Сайыров Үкіметтен көмір бағасын қадағалауды сұрады

Қазақстандағы көмір бағасының шарықтап кетуіне байланысты депутат Ерлан Сайыров «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері атынан Премьер-Министр орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, аталған мәселені ретке келтіруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «пандемия кезіндегі басты міндет – халықтың әлеуметтік деңгейін ұстап тұру» деп атап өтті. Біздің депутаттық сауалымыз еліміздің бірқатар өңірінен келіп түскен өтініштерге байланысты туындады, ол аймақтарда тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігінен шиеленісті жағдай қалыптасқан. Елімізде көмірдің жүйелі жетіспеушілігі үшін объективті алғышарттар болмаса да, ел азаматтарының моральдық-психологиялық жағдайына теріс әсер ететін дүрлікпе жүріп жатыр. Осындай жағдай көмір өндіру бойынша әлемнің 10-елінің қатарына енетін мемлекетте болып отыр! Бүгінгі күні тұтынушыға көмірді жеткізу және сату тізбегінде шамамен 10-ға тарта буын қалыптасқан, соның негізгілері: көмір өндіру разрезі, темір жолмен жөнелтуге арналған тиеу пункттері, темір жол арқылы тасымалдау, теміржол тұйықтарында қабылдау терминалдары, көмірді тұтынушыларға жеткізетін тарату пункттері. Осы кезеңдердің барлығында әркім өз пайдасын қымқыруға тырысады, осыған байланысты баға қымбаттай береді», - деді Сайыров.

Депутат сауалындағы мәліметтерге сүйенсек, елдегі көмір бағасын делдалдық құрылымдар нұсқап отыр. Көмірді биржалық саудалаудың ережелері делдал кәсіпорындарға көмірді үлкен көлемде сатып алуға және оны бірден разрезден екі-үш есе қымбат бағамен сатуға мүмкіндік береді деп айтуға негіз бар.

«Сату нүктелеріндегі көмірдің жетіспеушілігі оны жеткізетін вагондардың тапшылығына да байланысты. Сондықтан, көмір разрезден сату нүктесіне 6 күнде емес, 16 күнде жеткізіліп отыр!  Бүгінде разрезден тоннасы шамамен 7800 теңгеден сатылып жатқан көмір Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ауыл аймақтарында тоннасы 25-30 мың теңгеден сатылуда! Осылайша, түпкі тұтынушы үшін баға бастапқыдан үш-төрт есе өседі. Бұл ауылдағы ағайынның қалтасы мүлдем көтермейтін баға! Осы қып-қызыл бағаға көмірдің өзі тапшы! Қақаған қыста азаматтар ақшасын төлеп қойып, көмірді тосуға мәжбүр! «Көмірдің қымбаттығынан, оны сатып алу үшін банкіден несие алып жатырмыз» деген де хабар-ошар жетуде! «Nur Otan» партиясы фракция мүшелері азаматтар үшін тұрмыстық көмір қолжетімді және әділ бағамен сатылуы тиіс деп санайды», - деді депутат.

Халыққа тұрмыстық көмір жеткізудің өткір әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, аталған мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынды.

  1. Ауылдық елді мекендердің тұрғындарының тұрмыстық тұтынуы үшін көмірдің нормативтік қорын қалыптастыруды жедел қамтамасыз ету.
  2. Көмірді сату орындарына тасымалдау үшін қажетті вагон санын бөлуге басымдық беру.
  3. Көмір бағасын қалыптастырудың ашықтығын және көмірді көтерме сатып алушылар арасындағы барынша бәсекелестікті қамтамасыз ету.
  4. Нарық субъектілерінің арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдерді болдырмау, тұрмыстық көмір тұтынушыларының түпкілікті бағасын қалыптастыруға делдалдық байланыстардың әсерін болдырмау бойынша жұмыстарды жүргізу.

«Осы мәселелерді қарап, нақты шешімдер қабылдап, қарау нәтижесін заңда көрсетілген мерзімде хабарлауыңызды сұраймыз», - деді Ерлан Саиров депутаттық сауалында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.