«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң жобасы үкіметтен қолдау таппады
Мәжіліс құжатты мақұлдап, Сенатқа жіберген болатын
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң жобасы үкіметтен қолдау таппаған. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева құжатқа екі маңызды норма енгізілмегенін алға тартады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Біріншісі – асыл тұқымды үй жануарларын баптаушылар мәселесінің еленбей қалуы. Көп адам бүгінде үй жануарларын өсіруді бизнеске айналдырып жіберген. Ал олар кірістерін жасырады. Назарбаева мұны өзгерту керек деп есептейді.
«Иә, қызметтің бұл түрін заңға енгізу Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне жаңа талаптар мен реттеушілік әсерді талдау тәртібін енгізуді талап етер еді. Бұл уақыт пен күш жұмсайтын көп жұмыс. Мемлекеттік органдардың бұл ретте құлықсыздық танытуы түсінікті. Нәтижесінде бұл тармақты заң жобасына енгізуден бас тартты», - дейді Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева.
Депутаттың пікірінше, ерте ме, кеш пе, бұл жұмыс әлі де атқарылуы керек. Кез келген басқа бизнес сияқты асыл тұқымды үй жануарларын баптап-өсіруді көлеңкелі айналымнан шығару керек. Оған тек бизнес заңды жұмыс істегенде ғана қол жеткізе аламыз.
Төрт аяқтыларды қорғауға арналған заң жобасының жаңа тұстары жетерлік. Енді қазақстандықтар үйдегі жануарларын чиптеуі тиіс. Ит-мысықты қорлағандар айыппұл арқалайды, тіпті түрмеге қамалуы да мүмкін. Мәжіліс құжатты мақұлдап, Сенатқа жіберген болатын.
«Үкіметпен өзара түсіністік таппаған тағы бір тақырып – үйсіз жануарларға арналған арнайы орталықтар қызметін реттеу», - дейді Дариға Назарбаева. Яғни мұндай орталықтар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар жүйесіне енгізілмеген. Шенеуніктер оларға қаржы бөлуге құлықсыз. Ал жаңа заң жобасында бұл туралы бірауыз сөз жоқ.