Алматыда тағы бір тау шаңғы трассасы салынады
Жаңа жоба жүзеге асқанда демалушылар 70 шақырымға дейін сырғанай алады

Шымбұлақ шатқалына тағы бір шаңғы жолы салынбақ. Қысқы туризмді дамыту мақсатында жүзеге асатын шаңғы жолының ұзындығы 50 шақырымға дейін жетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қимасар» шатқалына салынатын құрылыстың тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Жаңа жоба жүзеге асқанда демалушылар 70 шақырымға дейін сырғанай алады. Одан бөлек Нұрсұлтан шыңы мен Талғар асуы арқылы да шаңғы тебу жағы қарастырылып жатыр. Құрылысқа қажетті қаржыны бюджеттен бөлу жоспарланған.
«Тау инфрақұрылымы ең қымбат жоба саналады. Шаңғы трассаларын ұзарту үшін коммерциялық жағы қарастырылмаған. Мәдениет және спорт министрлігі арқылы талқыланып жатыр. Біздің міндетіміз бәрін техникалық жағынан дайындау, оның құнын анықтау. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, жеке инвестормен және мемлекеттен инвестициялау қаралып жатыр. Қазір техникалық мүмкіндіктерді пысықтау сатысында жүрміз. Шымбұлақ курортын екі жоба бойынша кеңейту мүмкіндігін қарастырдық. Бірі, Нұрсұлтан шыңы және Талғар асуының сол жағына қарай сырғыту мүмкіндігі бар. Бұл қосымша 10 шақырым, Қимасар шатқалына шаңғы трассасын салу арқылы тағы 50 шақырымдық жолдар пайда ашылуы мүмкін», - деді «Шымбұлақ» тау шаңғы курортының директоры Ринат Әбдірахманов.
Оның айтуынша, бұл жоба толыққанды жүзеге асса «Шымбұлаққа» халықаралық мәртебе беріледі. Қолданыстағы сырғанау жолдарын қосқанда маршруттардың жалпы ұзындығы 70 шақырымға дейін ұзарады. Жобаның нақты қашан іске асатыны белгісіз.
«Бұл тікелей Медеуге шаңғымен түсетін жолдардың жасалуы. Тиісінше, қонақтар Медеу мұз айдынынан бастап Шымбұлаққа, Панорама шыңына шығып, керісінше Медеуге түсе алатын шеңбер бар. Немесе керісінше Панорама шыңы мен Шымбұлаққа түседі. Осы жоба аясында біз нені шешіп жатырмыз? Бұл біздің жолдардың, аспалы жолдардың өткізу қабілетін жоғарлатады. Аспалы жолдардың желілік форматы жағынан Шымбұлақта қазір мәселе бар. Медеуден бастап аспалы жолға отырғанда «Комби-1»-ден түсіп, «Комби-2»-ге тағы да кезекке тұрады», - деді ол.
Желтоқсанда Қазақстан халқының бесінші Спартакиадасы өтеді. Наурыз айында Қар күніне орайластырылған балалар жарысы, фристайлдан әлем кубогының кезеңі және нұсқаушылар арасында да жарыстар өтеді. Наурыз және сәуір айларында әуесқойлар арасында тау шаңғысы жарысын өткізу жоспарланып отыр.