Шығынға шаш етектен батқан маңғыстаулық шаруалар облыс әкімін өздері іздеп барды
Шаруалар Ауғанстанға бидай жіберіп жатқан өңір басшылығына өкпелі
Жаздай қуаңшылықтың зардабын тартып, шығынға шаш етектен батқан Маңғыстау облысындағы шаруалар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты өздері іздеп барған. Бірақ қорадағы малына азық таппай қиналған бір топ азамат бар шаруасын ысырып келгенде, Ноғаев мырза кабинетінде болмай шықты, деп хабарлайды 31 арна.
Өңірде Төтенше жағдай жариялануын сұрап барған шаруаларды жуырда ғана тағайындалған ауыл шаруашылығы басқарма басшысы қабылдады.
«Мен ең болмаса жем-шөптің қазіргі құнын 50-60 пайызға арзандатыңдаршы дедім. «Сен малды мен үшін бағып жүрген жоқсың» дейді. Одан қалса «Ауғанстанға 58 мың тонна бидай жіберіп жатырмыз» дегенді алға тартады. Мен айтамын «Ауған қазақ үшін соғысып жатыр ма?» – деп. Сонда Ауғанстанға сондай көмек жасап жатқанда мына өзіміздің қара халық қазақтың баласына неге көмек жасамасқа?!» – дейді шаруа Әділбек Сағындық.
Төтенше жағдай жарияланып, мемлекеттен көмек берілсе, өңірдегі қалған мал басын аман алып қалуға болады дейді олар. Сонымен қатар құдық қазу, жайылым және шабындық жерлерді дұрыс игеруге көңіл бөлінсе деген де тілектері бар. Одан бөлек, Маңғыстаудың жабы жылқысын және түйесін асыл тұқымды мал қатарына енгізіп, заңнамаларда түрлі көмектер берілсін деп көрсетілгенін жеткізді.
«Мал азығы да шаруа қожалықтарында тапшы екенін көріп отырмыз. Мал азығы нашар болғандықтан малдың да күйі, құндылығы өте төмен. Бірақ оған қарамастан үкімет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Тап қазір әкім келе алады деп айта алмаймын. Әкімнің де жоспарланған шаралары бар», – дейді Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Мәшімов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімовтің айтуынша, қазіргі уақытта қысқы мал азығы үшін 68 мың тонна шөп, 30 мың тоннадан астам жем қоры дайын тұр.
Еске салсақ, қуаңшылықтан зардап шекке халыққа көмек көрсету үшін үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінген. Бір өкініштісі, бөлінген қаражаттың 700 млн теңгесі әлі игерілмеген.