«Үйіне қайтқысы келген»: «Күштеп ұстап отыр» деп видео түсірген ресейлік өз әрекетін түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Қарағанды облысында 20 жыл құлдықта болғаны туралы видео түсірген болатын

«Күштеп ұстап отыр» деп бейнежазба түсірген ресейлік өз әрекетін түсіндірді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында өзін Ресей Федерациясының азаматы Алексей Котов деп таныстырған азаматтың Қарағанды облысында «күштеп ұстап отыр» деген бейнежазбасы анықталды.

Аталған бейнежазбаға байланысты қылмыстық іс тіркеліп, ақпаратты тексеру мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Полиция қызметкерлерімен Шет ауданында шаруа қожалығының иесі және Котовтың өзі анықталды.

Ресей елшілігі өкілдерінің қатысуымен Котовтан жауап алу барысында ол шаруа қожалығының аумағында өз еркімен жұмыс істегені, қолында ұялы телефонының болғаны және кез келген уақытта шаруа қожалығының аумағынан кетіп қалуға мүмкіндігінің болғаны туралы мәлімдеді.

Шаруа қожалығының иесіне қарсы арыз жазудан Котов бас тартып, ешкімге ешқандай кінә артпайтынын және бейнежазбаны үйіне қайту үшін жазғанын түсіндірді.

Айта кетейік, Ресей азаматы 20 жыл құлдықта жүргені туралы ата-анасына видео жолдаған болатын.