Мұндай жағдай аталмыш түрмеде екінші рет қайталанып отыр
Эквадордағы Литорал түрмесінде сотталушылар арасында туындаған жанжалдан 68 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.
Түрмедегі жаппай төбелес 12 қарашада басталған. Жанжалға түрмеге әмірін жүргізгісі келетін топтардың бақталастығы себеп болыпты.
Жергілікті БАҚ түрмедегі толқу әлі де басылмағанын жазуда. Ал сотталғандардың туыстары түрме алдына жиналып, наразылықтарын білдіріп жатыр. Олар туыстарының не өлі, не тірі екенінен хабар ала алмай отырмыз деп шағымданды.
Айта кетейік, дәл осындай жаппай тәртіпсіздік Литорал түрмесінде қыркүйек айында да болған. Ол кезде 100-ден астам адам қаза тапқан болатын.