АҚШ-та компаниялардағы міндетті вакцинация тоқтатылды

Автор: Azattyq Rýhy

АҚШ апелляциялық соты осындай шешім шығарды

Фото ашық дереккөзден

Нью-Орлеанның федералды апелляциялық соты 100 және одан да көп қызметкері бар компанияларда коронавирусқа қарсы міндетті вакцинацияны тоқтатты, деп жазады The Washington Post.

Бұған дейін мұндай бұйрықты АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі шығарған болатын.

Үш судья алқасы бұл мәселе бойынша бұған дейінгі шешімін растады. Сот қорытындысына сәйкес, Еңбек министрлігінің бұл талабы "еңбекті қорғау жөніндегі басқарманың заңмен белгіленген өкілеттіктеріне сай келмейді".

Судьялардың пікірінше, қаулы бизнеске қосымша қаржылық ауыртпалық әкеледі, қызметкерлерді вакцинациялауға, сынақтар жасауға немесе жұмыстан шығаруға мәжбүр етіп, жұмыс күшінің жойылуына әкеп соғады, бұл өз кезегінде АҚШ Конституциясын бұзуы мүмкін.

Бұған дейін Еңбекті қорғау басқармасы 100-ден астам адамнан тұратын барлық компанияларға қызметкерлерді 2022 жылдың 4қаңтарына дейін COVID-19-ға қарсы вакциналауды немесе вакциналанбаған қызметкерлерден аптасына кемінде бір рет коронавирус сынағын өткізуді талап еткен болатын.

Алайда 11 штат билігі ірі компаниялардың қызметкерлеріне міндетті вакцинация енгізуге қарсы екендіктерін білдіріп, сотқа шағым түсірген еді.