Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы ұзартылды
Сот күдіктінің өтінішін елемей, осындай шешім қабылдады
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы 2 айға созылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сот күдіктінің өтінішін елемей, осындай шешім қабылдады. Біртанов өзінің кінәлі емес екенін, кінәсін дәлелдейтін деректердің жоқ екенін алға тартты. Сондай-ақ экс-министр елден қашпайтынын және өзінің еш кінәсі жоғын да дәлелдейтінін жеткізді. Онымен қоса, жауапты органдар бұл істе қарастырылып жатқан материалдарды қорғаушыларға бермей жатқанын мәлімдеді. Соның салдарынан жауап беруші тарап тағылып жатқан айыптың мән-жайын зерттей алмай жатқанын айтты.
«Бұл істің қылмыстық құрамы жоқ. Менің қызметімді асыра пайдалануымды дәлелдейтін деректер де жоқ. Мен мемлекетке ешқандай залал келтіргенім жоқ. Ақпараттық платоформа келісімге сәйкес қолданысқа алынды. Ол жұмыс істейді. Осы орайда мені үйде қамау туралы шешімді жоюды талап етемін. Сондай-ақ бұл іске қатысты барлық материалды бізге беруді сұраймыз. Біз де оларды зерттегіміз келеді», - деді ҚР-ның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.