Астанада коммуналдық тариф бағасы арзандауы мүмкін
Елорда тұрғындарының жартысы өзге өңірлерге немесе шетелге көшіп кеткендіктен үйлерін жалға беріп қойған
Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй орталығында коммуналдық тарифтер бағасын төмендету мәселесі талқыланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Elorda info-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған шараға тұрғын үйге қатысты ұйымдар мен оның басшылары, «Nur Otan» партиясының мүшелері, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және т.б. қатысты. Олар минималды тариф бағасын енгізу жайын талқылады.
«Тұрғын үй орталығында көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша минималды тарифті бекіту бойынша алғашқы жұмыс тобының отырысы өтті. Мұнда барлық тараптардың уәждерін тыңдап, минималды тарифтерді бекіту бойынша бір шешімге келу үшін жиналды. Сосын оны мәслихатқа ұсынатын боламыз. Бұл жұмыстардың бәрі толығымен шешіледі. Қазір тұрғындар тариф бағасын төмендетуді сұрап жатыр», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының Сарыарқа ауданы инспекциясының бөлім басшысы Еркебұлан Көшкінбай.
Іс-шараға жиналғандар коммуналдық тариф бағасының қымбат екенін айтып, ағымдағы тариф тұрғындарға салмақ түсіріп жатқанын жеткізді. Осы орайда, әлем елдеріндегі тариф жүйесін сөз етіп, үйдің шаршы метріне қарап, тариф бағасын бекітуді ұсынды. Осыған байланысты мәслихат тұрғындардың жағдайын ескеру қажеттігін айтты.
«Елорда тұрғындарының жартысы өзге өңірлерге немесе шетелге көшіп кеткендіктен үйлерін жалға беріп қойған. Бағасы 250 мың теңгеден басталады. Ал бұл баға тұрғындарға ауыр. Сондықтан коммуналдық төлемді өтей алмай жатқан адам көп. Мен қазіргі тарифпен жұмыс істей алмай жатырмын. Бағаны түсіру керек», – деді Есіл ауданы бойынша ПИК өкілі Бағила Клекбарқызы.
Айта кетейік, былтыр елордада тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық ашылған болатын. Бұл орталықта тұрғын үйге кезекке тұру, кезек нөмірін тексеру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, тұрғын үй сертификатын алу, кредиттік/жалға берілетін пәтерлер бойынша және т.б. мәселелерге қатысты кеңес алуға болады. Бұл орталық қала тұрғындары үшін ыңғайлы, себебі олар тұрғын үй мәселелері бойынша қаланың әр ауданында орналасқан инстанцияларға бармай-ақ бір жерден кеңес ала алады.