Pfizer: Алматыда 30 мың ата-ана баласына екпе салдыруға келісім берді

Автор: Azattyq Rýhy

Вакциналауға жауапты 20 медициналық ұйым іріктелініп алынды

Фото ашық дереккөзден

Алматыда 30 мыңнан аса ата-ана баласына Pfizer екпесін салдыруға келісім берді. Бұл туралы брифингте Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алматыда 12-17 жас аралығындағы 170 мың бала бар. Оның арасында 20 пайызы, яғни 30 мыңнан аса ата-ана баласына Pfizer вакцинасын салуға келісім беріп отыр. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де артады деп сенеміз. Біз вакциналауға жауапты 20 медициналық ұйымды іріктеп алдық, мамандандырылған бригадалар мектептерге барып, екпе салады», - деп түсіндірді Светлана Сұлтанғазиева.

Айта кетейік, аталмыш вакцина балаларға ертеңнен бастап егіледі. Алматыға 46 800 доза бөлінді. Мұнда бірінші және екінші компонент бар. Вакциналау 21-28 күн аралығында жүргізіледі.