Нұр-Сұлтанға биыл газ қосылмайды – Бозымбаев

Автор: Azattyq Rýhy

Қаладағы тарифтің неше теңге болатынын тек «Интергаз Орталық Азия» компаниясы бекітетіні белгілі болды

Фото: news.rambler.ru

«Сарыарқа» газ құбыры тартылған соң, қаладағы тарифтің неше теңге болатынын тек «Интергаз Орталық Азия» компаниясы бекітетіні белгілі болды.

Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына жауап берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

« Қазақстандағы бір шақырымда жататын бір мың текше метр газ тасымалдайтын газ құбырына бір тариф қана болады. Және оны бекітетін «Интергаз Орталық Азия» АҚ. Құбыр салынған соң Интергаз Орталық Азияға беріледі, сосын компания «Сарыарқа» газ құбырына өз тарифін қояды», - деді министр.

Оның айтуынша, ол тариф кейбір өңірге тиімді, кейбір өңірге тиімсіз болуы мүмкін.

Ал, магистральді газ құбыры осы жылдың соңына дейін салынып бітеді деген болжам бар. Бірақ, бұл Нұр-Сұлтан қаласы дәл биыл газ пайдаланады деген сөз емес екен.

«Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр, "Самұрық- Қазынамен" бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қаржыландыру 100 пайыз бөлінген, мердігер де сенімді көрінеді. Нұр-Сұлтанға үлкен газ осы жылдың соңына келеді деп күтіп отырмыз. Ал, газды тарату желілері қолды бір сілтеп, сала салатын дүние емес. Өңірлердің дайындығы әртүрлі. Мысалы, Түркістан облысы халқының 50 пайызы, Жамбыл облысында халықтың 60 пайызына газ жеткен. Бұл аймақтардың газ тартуда ондаған жылдық тәжірибелері бар. Ал, Нұр-Сұлтан әкімдігі сот істеріне байланысты газ тарту мерзімінен біраз кешікті. Мердігерді анықтай алмай біраз жүрді, әйтеуір енді анықталды. Келісімшарттарға қол қойылды. Сондықтан, келесі жылдың соңына дейін қаладағы алғашқы нысандар газға тартылады деп үміттенемін. Келесі жылу маусымы қаланың экологиясына зиян тигізбейді деп ойлаймыз». – деді ол.

Қанат Бозымбаев жалпы Қарағанды облысының әкімдігін мақтап отыр. 

«Олар бәрін уақытында аяқтады. Ақмола облысы артта қалып келеді. Мемлекеттік сараптамаға жіберілетін құжаттары ғана жобада, келесі жылға өтініш беріп те үлгермеді. Сондықтан, бұл тірі процесс. Бір жылда, немесе екі жылда Нұр-Сұлтан сияқты ірі қаланы газбен қамту мүмкін емес», - дейді Энергетика министрі.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан