Зейнетақы қоры атом өнеркәсібінің арқасында 21 млрд теңге табыс тапты
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясына акционер болған бір жыл ішінде осындай табысқа кенелген
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы былтыр қарашада өз акцияларын ІРО-ға шығарған. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, IPO-дағы сатылымдар сәтті жүзеге асқан. Бұдан өзге, Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры компанияның акционері атанып, тиісінше сатылымдардан қор да пайда көрген. Және ол пайда Зейнетақы қорының тарихындағы ең табысты салым болған.
«IPO-ға шыққаннан бергі бір жылдай уақытта «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының нарықтық құны 3 млрд доллардан 4 млрд долларға дейін өсті. Ал, зейнетақы қорының табысы 21 млрд теңгені құрады. Бұл қор тарихындағы ең табысты ақша салымы деуге болады. Ал, Ұлттық қорға 168 млрд теңге түсті», - деді Ахметжан Есімов.
Фото: strategy2050.kz
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» басшысы бұл мәлімдемені бүгін Нұр-Сұлтан қаласында басталған XII Kazenergy Еуразиялық форумында айтты.
Оның айтуынша, енді ІРО-ға энергетика және телекоммуникация, инфрақұрылым салаларындағы ұлттық оператор болып саналатын қорға қарасты 8 компания шығады деп жоспарланып отыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан