Ресейдің Sputnik V вакцинасын әлем елдеріне жеткізу бойынша жоспар құлдырауға жақын

Автор: Azattyq Rýhy

2020 жылдың тамызында жарыққа шыққан ресейлік вакцина әлемнің 70-ке жуық елінде мақұлданған

RT

Ресей жоспарланған 1 миллиард дозаның 48 миллионын ғана экспорттап үлгерген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Sputnik V» екпесін растау процесін тоқтатып, оны қашан бекітетінін әлі айтпады.

Латын Америкасы елдері, Таяу Шығыс және басқа да дамушы елдердегі миллиондаған адам уәде етілген «Sputnik V»-дің жаңа дозасына қол жеткізе алмай отырғандығы белгілі болды. Мәліметтерге сәйкес, Ресей уәде еткен 1 миллиард дозаның 4,8%-ын ғана экспорттаған. Алайда, вакцина жасауға қыруар қаражат құйған Ресейлік мемлекеттік қор басшысы бірнеше күн бұрын «әлемге екпе жеткізу мәселесі шешіліп қойған» деп мәлімдеген.

50 жастан асқан азаматтарға «Sputnik» вакцинасын егуді жоспарлаған Венесуэла 2020 жылдың желтоқсанында 10 миллион дозаға тапсырыс беріп, осы күнге дейін соның тек 4 миллионын ғана алған. Әлем елдері ішінде «Sputnik»-ті бірінші болып алған Аргентина ресейлік екпенің жоспарланған 20 миллионын толық ала алмаған, әлі күнге дейін миллиондаған данасын күтіп отыр. Соған байланысты Аргентинада үкіметке наразылық артып, өзге фармацевтикалық компаниялармен келісімшарт жасау туралы азаматтардың талабы күшеюде.

2020 жылдың тамызында жарыққа шыққан ресейлік вакцина әлемнің 70-ке жуық елінде мақұлданған. Жыл басында Ресейдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары «Спутниктің» әлемді жаулап алғаны туралы жаңалықтар таратқан болатын.

Коронавирусқа қарсы өзге вакциналардан айырмашылығы – «Sputnik»-тің бірінші және екінші дозаларының құрамы әртүрлі. «Sputnik» – құрамында иммундық жүйені ынталандыруға арналған генетикалық материалы бар вакцина. Аталған екпенің екінші компонентін шығару барысында Ресейді өндірістік қиындықтар туындағаны да белгілі болған.

Биотехнология саласындағы деректерді талдаумен айналысатын «Airfinity» сараптамалық орталықтың мәліметінше, «Sputnik V»-дің шамамен 1 миллиард дозасына 62 ел тапсырыс берген. Әзірге оның тек 48 миллион дозасы экспортталған.

Дегенмен, ресейлік тараптың айтуынша, «тамыз және қыркүйек айларында өндірістің қарқыны артып, қазір вакцинаны жеткізу бойынша міндеттемелер толық орындалып жатыр».

Естеріңізге сала кетейік, бір апта бұрын британдық медиада «Ресей Oxford/AstraZeneca вакцинасының формуласын ұрлау үшін Ұлыбританияда жүрген тыңшысын пайдаланған» деген ақпарат тараған болатын. Мәліметтерге сәйкес, Кремльге жұмыс істейтін тыңшылар трансұлттық фармацевтикалық компаниядан вакцина формуласын ұрлағаны туралы айғақтары бар.