Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі шахтада жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді
Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі сағат 15.00-дегі жағдай бойынша, апат болған «Абай» шахтасындағы жұмыстар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында қазіргі уақытта құтқарушылар төтенше жағдайдан кейін қазбалардан газ шығару жұмыстарын орындап жатыр.
«Құрамында 12 адамы бар 2 тау-кен құтқару бөлімшесі метан газының кенеттен тарауынан кейін қазбаларды газсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізуде.
Апаттық кенжарда атылған тау-кен массасының ұзындығы шамамен 20 метрді құрайды. Шахтаның басқа жерлерінде ешқандай үйінділер жоқ», - деп түсіндірді Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының директоры Геннадий Силинский.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Абай» шахтасында кеңес өткізді. Жағдай туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.
Жедел штаб құрылды, оған компания мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Облыс және компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барады.
Қазақстан Премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.
Еске салсақ, 7 қараша күні сағат 08:30-да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында көмір мен газ жарылысы болды. Бұл уақытта жер астында 64 адам болған. 52 кенші жер бетіне шығарылды. 6 адам қаза тауып, 2-уі зардап шекті.
Сондай-ақ жарылыс салдарынан көз жұмған шахтерлердің аты-жөні жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған шахтерлердің отбасына көңіл айтып, Үкіметке шахтерлердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар апаттан зардап шеккен 2 кеншінің ауыр халде жатқанын мәлімдеді.
Ал облыстық Полиция департаменті шахтада метан газының таралу фактісі бойынша «Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлім етті.