Жамбыл облысында жыл басынан бері үш тоннадан астам есірткі тәркіленді
10 айда есірткі қылмысының 630 дерегі анықталды
Жамбыл облысында полицейлер жыл басынан бері 3 тонна 248 келі есірткі затын тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 10 айда есірткі қылмысының 630 дерегін, оның ішінде есірткі өткізудің 118 дерегін, аса ірі көлемде сақтаудың 59, есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзудың 1 дерегін, қылмыстық теріс қылықтың 409, есірткі құралдарын контрабандалаудың 18 дерегін және есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 22 дерегін, бұталарды жоюдың 582 дерегін анықтады.
Заңсыз айналымнан 3 тонна 248 келі есірткі заты алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 280 келіге артық. Атап айтқанда, 105 келіден астам гашиш, 1 келі 35 гр героин және 1 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
«Сонымен қатар, жер жырту, шабу және өртеу арқылы 112 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 62 тоннаға жоғары. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», – деді Жамбыл облысы Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.