Қазақстан металын қандай елдер сатып алады?

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанның металын ең көп сатып алған мемлекет – Ресей

Фото ашық дереккөзден

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 2021 жылдың жеті айында шетелге Қазақстаннан 9,3 млн тонна кен өнімі сатылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,6%-ға артық. Биыл қазба байлық сатудан түскен табыс – 1,1 млрд доллар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Айта кетерлігі, пандемиядан кейін әлем бойынша өндіріс орындарында металға сұраныс күрт артты.

Қазақстанның металын ең көп сатып алған мемлекет – Ресей 721,6 миллион долларға 5,5 миллион тонна металл сатып алған. Екінші орында Қытай тұр. Іргеміздегі көрші ел биыл 3,7 миллион тонна кенді 402 миллион долларға сатып алды. Сонымен қатар, Қырғызстан құны 1,1 млн доллар болатын 31 мың тоннаға металл сатып алған.

Оның ішінде марганец кенінің экспорты 5,4 млн долларға 69,9 мың тоннаны құрады. Қытайға 2,5 млн долларға 40 мың тонна марганец, Ресейге 816 мың долларға 21,9 мың тонна, Өзбекстанға 2 млн долларға 7,9 мың тонна сатылған.

Мырыш Ресейге 75 мың тонна, Қытайға 35,2 мың тонна жіберілген.

Қазақастанның хром кенін сатудан түскен табыс – 45,2 млн доллар. Оны толықтай Ресей сатып алып отыр.