Клим Шипенко: Ғарышта түсірілген видеолар жоғалып кетті
Мамандар әзірге материалдардың жоғалу себебін тапқан жоқ

Осыдан бірнеше күн бұрын "Союз МС-18" әуе кемесінің аппараты жерге қонған еді. Оның бортында әлемдегі ең алғашқы киноэкипаж болған.
Ғарыштан келген түсіру тобын қарсы алған "Роскосмос" қызметкерлері ең алдымен көкте түсірілген материалдарды қарап шықпақ болыпты. Бірақ түк таппаған. Видео сақталды деген құрылғы бос болып шықты.
"Вызов" көркем фильмінің түсірілімі Халықаралық ғарыш станциясында 12 тәулік бойы түсірілген еді. Ол үшін актриса Юлия Пересильд пен режиссер Клим Шипенко ғарышқа көтерілген. Шипенко режиссерлік жұмыспен қатар, оператордың да міндетін атқаруы тиіс болыпты. Ол күн сайын түсірілім жұмыстары аяқталған соң файлдарды көшіріп, арнайы құрылғыға сақтап отырған. Ал камерасындағы файлдарды толық өшіріп, келесі күнгі түсірілім жұмыстарына пайдаланып отырған.
"Әр түсірілім күнінен кейін мен ноутбуктен түсірілімнің барлығын сыртқы SSD-ге түсірдім. Бұл бір жарым сағатты алды. Бәрі қалыпты түрде көшірілді. Бірақ біз Жұлдызды қалаға ұшып кеттік, дискіні компьютерге қойдық, бірақ онда ештеңе жоқ! Ештеңе жоқ! Мен бұл қалай болғанын түсінбеймін!"- дейді режиссер.
Сарапшылар материалдың жоғалуына әлі нақты түсініктеме таппады. Ғарыштық сәулеленудің әсерінен және қону кезінде шамадан тыс жүктемелерден файлдарды көшіру кезінде әдеттегі қателіктерге дейін әртүрлі нұсқалар ұсынылған.
Ал Дмитрий Рогозин ғарыштық түсірілімнің жоғалуы фильмнің шығу мерзіміне әсер етпейтінін айтты. Жоғалған көріністер Горький киностудиясының павильонында қайта түсіріледі.