Қазақстанда мұнай таусылуға жақын – экономистер алдағы екі жылға болжам жасады

Алдағы уақытта «ҚазМұнайГаздан» мемлекетке түсетін табыс азаюы мүмкін

Соңғы жылдары Қазақстанның мемлекеттік қарызы айтарлықтай өсті, ал мұнай кен орындарында шикізат таусылуға жақын деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

S&P Global Ratings конференциясы аясында «Егемен рейтингтер» тобының директоры, Карен Вартапетов Қазақстанның қарыз төлеу қабілетіне қатысты пікір білдірді.

«Пандемия ел бюджетіне кері әсер еткені түсінікті. Бұл Қазақстанның алған мемлекеттік қарызына да ықпал етті. Бірақ дамыған елдер алдындағы көрсеткішіне кері әсер еткен жоқ. Биылғы және былтырғы рейтинг тұрақты. Мемлекет тиімді қаржы – несие саясатын ұстанып отыр. Біз үшін орталық банктер (қарыз алған елдердегі) пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Қаржылық байланыс артты. Бұл жерде саяси шешімдердің ықпалы жоқ. Мұндай мүмкіндік бере алмаған дамушы елдерде және қарызды шетелдік валютада бергендіктен проблемалар болғанын жасырмаймыз. Сондықтан Қазақстан рейтингте «қарыз төлеу мөлшері төмен» деп танылды. Бірақ жалпы алғанда Қазақстанның мемлекеттік қарызында тұрақсыздық туындаған жоқ. Елдің қарызы артса да, бұл мемлекеттік қарыз төлеу қабілетіне кері әсер етпеді», ˗ деді сарапшы.

Жиында белгілі болғандай, биыл әлемдік экономикалық өсім 6% межесінде сақталады деп күтілуде. Келесі жылы бұл көрсеткіш 4% болмақ.

Экономикалық өсімі бұған дейін жоспарланған межеден төмендейтін елдердің қатарына АҚШ пен Қытай еніп отыр. Оған карантин шараларының жиі енгізілуі себеп. Өсім Еуроаймақта байқалады. Бұл елде карантин шаралары баяулап, вакцина алғандар саны артқан. Әлемдік деңгейде өндіріс қайта қалыпқа келе бастады, шикізат бағасы өсті, Brent маркалы мұнай бағасы қымбаттады.

«Мұнай бағасы артқанымен, Қазақстан экономикасы карантин алдындағы деңгейге әлі жеткен жоқ. Мысалы, Ресей, Польша, Түркия елдерінің экономикасы қалыпқа келді. Десе де елдегі, шикізаттық емес секторға жататын сауда, өндіріс салалары қарқын алып келеді. Жыл аяғына дейін ел экономикасы пандемияға дейінгі қалыпқа келеді деген сенім бар. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 3,6% болады деген жоспар бар. Келесі жылы бұл межеге жете алмауы мүмкін. Себебі, мұнай өндірісіне шектеу болуы мүмкін. 2023 жылы ел экономикасының өсімі Теңіз кен орнымен тікелей байланысты. Алдағы уақытта бюджеттегі тапшылықтың төмендейтінін де айта кеткен жөн. Елдегі инфляция Ұлттық банк айтқан межеде болуы карантин шараларына тікелей байланысты. Ал ТМД елдерінде вакцина алу көрсеткіші бойынша Қазақстан 1-орында», - дейді К. Вартапетов

Сарапшылардың пікірінше, қысқа мерзімді жоспар бойынша ұлттық компаниялар тиімді жобаларға инвесторлар тартпайтын болса, мемлекет қаржы үнемдеуге көшуі мүмкін.

«Бұған дейін ұлттық компанияларға салықтық түсімді арттыру туралы міндет жүктелген. Бұл олар үшін жағымсыз хабар. Алдағы бес жылдағы Қазақстанның мұнай өндірісі тұрақты. Тіпті, Қашаған кен орны есебінен өсім бар деп де айтуға болады. Ал басқа кен орындарында мұнай қорының тапшылығын байқаймыз. Каспийдегі тиімді деп табылатын жобаларды іске асыру үшін инвестор тарту керек. Оған жоғары технологияны жұмылдыру да аса маңызды. Инвесторлар қаржылық жағынан тұрақты болуы тиіс. Мұнай бағасы құбылмалы болып тұрған уақытта ешкім тәуекелге барғысы жоқ. Қазір Қазақстандағы ұлттық компаниялар ірі инвесторлар таба алмай отыр. «ҚазМұнайГаз» үшін мұнайдың өзіндік құны қымбат, «Теңізшевройлда» төмен деп айтуға негіз бар бірақ, тасымалдау жағын да ескеру керек. Бұдан бөлек, МӨЗ-дің күрделі шығындары тағы бар. Осын жағдайдан кейін жаңа жоба ашу мүмкіндігі төмен», ˗ дейді «Корпоративтік рейтингтер» тобының директоры Александр Грязнов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта «ҚазМұнайГаздан» мемлекетке түсетін табыс азаюы мүмкін. Қазір компанияның өзіндік табысы өте төмен. Шығын өте жоғары. Ірі жобаларда да ұлттық компанияның үлесі мардымды емес. Тіпті, алдағы уақытта компанияның нақты немен айналысатыны да түсініксіз. 

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.