Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін 650 млрд доллар қажет – Экология министрі
Ауыл шаруашылығы 2060 жылы парниктік газдардың ең үлкен көзі болады
CarbonTracker зерттеулеріне сәйкес, 2015 жылдан бастап бүкіл әлемде салынып жатқан көмір электр станцияларының саны 84%-ға азайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023 жылдан бастап ЕО көміртекті көп қажет ететін өнімдер импортына шекаралық көміртегі салығын (CBAM EC) енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Париж келісімі және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы мақсаттарына қол жеткізу жолдары» халықаралық конференциясында айтты.
«Global Carbon Atlas-тың 2019 жылғы соңғы деректері бойынша Қазақстан 221 елдің ішінде көмірқышқыл газы шығарындыларының көлемі бойынша 21-орынды, жан басына шаққандағы шығарындылар бойынша 11-орынды және ЖІӨ көміртегі сыйымдылығы бойынша 5-орынды алады. Қазақстан бұл көрсеткішті 1990 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай 15%-ға, ал халықаралық қолдау арқылы 25%-ға қысқартпақ», - деді министр.
Серікқали Брекешев экологиялық мәселені шешу жолында базалық және көміртекті бейтараптық атты екі сценарий қарастырылғанын айтты. Министрдің айтуынша, көміртекті бейтараптық сценарийі базалық сценарийдегі залалды 2,4 есе қысқартуға мүмкіндік береді.
«2060 жылға қарай ҚР-да көмірқышқыл газының шығарындылар әлі де болады және шамамен 76 млн тоннаны құрайды. Болжам бойынша, ауыл шаруашылығы 2060 жылы парниктік газдардың ең үлкен көзі болады. Шығарындылар шамамен 42 млн тоннаны құрайды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту драйверлерінің бірі ретінде мал шаруашылығы секторын қолдау шараларымен байланысты», - деді министр.
Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларды инвесициялауға шамамен 650 млрд АҚШ доллар керек. Бұл ретте, инвестициялардың 80%-дан астамы 2040 жылдан кейін талап етіледі.
40 жыл ішінде инвестицияның басым бөлігі электр және жылу энергиясын өндіру секторларына жұмсалады (305 млрд доллар). Қалғаны көлік, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларына бағытталмақ.