Елімізде дизель қоры азайып барады: азық-түлік бағасы қамбаттай ма?
Қазақстанның отандық нарықты жанар-жағармаймен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар
Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары дизель отынын өндіру бойынша рекорд орнатты. Бірақ отын бағасы жыл басынан бері 8,6%-ға қымбаттаған. Мамырдың аяғында солярка литріне 188 теңге тұрса, маусымның ортасына қарай 198,8 теңгеден саудалана бастады.
Оңтүстіктегі жүргізушілер дизель тапшылығы туындағанын айтып дабыл қағуда. Бекеттердің көбі оны сатудан мүлде бас тартса, қалғаны лимитпен беріп жатыр. Жағдайды тиімді пайдаланғандары бағаны 230-250 теңгеге бірақ көтерді.
Қазақстанда дизель отынының тапшылығы және бағаның күрт қымбаттауына әсер етіп отырған факторлардың бірі ˗ Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеу жұмысына байланысты жабылуы. Елімізде мұнай өңдейтін 3 ірі зауыт бар. Оның біреуіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілсе, елдегі жанар-жағармай нарығы шатқалақтап, баға бірден көтеріліп шыға келеді.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Үкімет жөндеу жұмысы деп бағаның көтерілуін жылы жауып қоя салуға машықтанған. Өйткені жылда айтатын сылтауы осы.
«Бағаның көтерілуіне қатысты мемлекет «мұнай өңдейтін зауытқа жөндеу жүргізілді» деген сылтау айтады. Бағаның өсетінін оған халықтың ашу-ызасы туатынын біледі. Мұнай өңдейтін зауыттың реконструкциясын ертерек ұйымдастыруға болмас па еді?» ˗ дейді сарапшы.
Дәл қазіргі дизель бағасы қымбаттап, жағдай ушығып тұрған уақытта Павлодар зауытын жөндеуді кейінге қалдыру мүмкін бе? деген сауалға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай-химия департаментінің директоры Дмитрий Макеев былай деп жауап берді:
«Ауа райына байланысты мүмкін емес. Онда 2018 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысын ескере отырып, дизель отыны бойынша теңгерімді сақтау үшін жұмыс мерзімі жазда екі рет кейінге қалдырылды. Зауыт 2021 жылы 1 қазанда жөндеуге тоқтады. Бұл ретте Атырау және Шымкент МӨЗ-де дизель отынының тәуліктік өндірісі шамамен 9,5 мың тонна. Қазан айында Атырау МӨЗ 133 мың тонна дизель, Шымкент МӨЗ 161 мың тонна өндіреді. Павлодар МӨЗ-ін жөндеуге тоқтағанға дейін кәсіпорында 27 мың тонна көлемінде дизель отынының қоры қалыптастырылатын болады. Сондай-ақ, АИ-92 45 мың тонна, АИ-95 екі мың тонна бензин қоры қалыптасады. Павлодар МӨЗ тоқтату кәсіпорын жұмысындағы өндірістік тәуекелдерді болдырмау мақсатында бірқатар негізгі технологиялық жабдықтарды жөндеу, ішінара ауыстыру және куәландыру қажеттілігіне негізделген. Сондықтан Павлодар зауытының жөндеу мерзімін келесі жылға ауыстыру мүмкін емес», - деді.
Осы көктемде дизель бағасы өсе бастады. Тиісті салаға жауапты министрлік көрші елдермен саластырғанда отынның бұл түрі бізде арзан екенін айтып ақталып отыр.
«Бізде ауыл шаруашылығы техникасы толығымен дизельмен жүреді. Яғни, бұл азық-түлік бағасының қымбаттауына тікелей әсер етеді деген сөз. Күз мезгілінде астық жинаған шаруалар ертең отын бағасының қымбаттауы есебінен өз өнімдерін қымбатқа сататыны айтпаса да түсінікті. Жанар-жағармай бағасының өсуіне бірден бір себеп – бұл салада монополияға жол берілген деген пікір бар. Бірақ мен бұл оймен келіспеймін. Аталған салада бір ғана сатушы бар деп айта алмаймыз. Қазір бізде олигополия нарығы туындап отыр. Яғни, 3-4 сатушы кешкісін кездесіп, өздеріне тиімді бағаны өзара келісіп алуы мүмкін. Ал бәсекелестік нарықта 10 шақты ойыншы болса ондай процесс болмас еді», ˗ дейді экономист Мақсат Халық.
Ойыншылардың олигополия нарығын қолдан жасап отырғанын Энергетика министрлігінің өкілдері де жоққа шығармайды. Вице-министр Әсет Мағауовтың айтуынша, дизель отыны нарығында қызықты жағдай қалыптасқан. Іс жүзінде «ҚазМұнайГаз», PetroSun, Petroleum Operating – бағаны тоннасына 190-200 мың теңге шамасында бекітсе, маусымнан бастап басқа өңдеушілер дизель отынын тоннасына 240 мың теңгеден сата бастады.
«Өңдеуге берушілерге ауыл шаруашылығы, ҚТЖ қажеттіліктеріне дизель отынын жеткізу бойынша міндеттемелер жүктейміз. Күзгі дала жұмыстарының жоспары бекітілді, ол бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына шамамен 390 мың тонна дизель отыны жеткізіліп, қосымша 30 мың тонна шөп шабуға жеткізілуі тиіс. Тиісінше, олардың ресурстық әлеуеті айтарлықтай шектеулі. Іс жүзінде барлық шағын жанар-жағармай құю бекеттері басқа да өңдеуге берушілерден сатып алудан бас тарта бастады және сатып алуды үнемдеу үшін өңдеуге берушілерден үлестіру туралы өтініштер жаза бастады. Күзгі дала жұмыстары кезінде өтінімдер көбейіп, көлем азая бастағанын ескере отырып, сәйкесінше өтінімдерді қанағаттандырудың пайыздық қатынасында үлестіру төмендеп, шағымдар саны артты, ˗ дейді вице-министр Ә.Мағауов.
Осындай жағдай туындамас үшін министрлік дизель отынын биржалық саудада сатуды көздеп отыр.
«Көктемде бензинмен биржалық сауда бастадық, осы айда керосинмен, Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеуден шыққаннан кейін, ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері ресурстарға қолжеткізіп, ірі жанармай құю бекеттерін ғана емес, басқа да өңдеуге берушілерді биржалық саудаға шығаруға міндеттеу үшін дизель отынымен биржалық сауданы жоспарлап отырмыз», ˗ вице-министр.
Қазақстан отандық нарықты жанар-жағармаймен 100 пайыз қамтамасыз ете алады. Бірақ ол үшін өзімізде өндірілгенді шекара асырмай, ішкі нарықта қалдыру керек. Бұл қаншалықты мүмкін?
«Ашық нарық болғандықтан көрші елдермен қарым-қатынас дамиды. Сондай-ақ, 2025 жылы Еуразия одағы шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарығы қалыптасады. Сонда ішкі сұраныс азаяды. Былтыр елімізде ішкі сұраныс төмен болғандықтан бензин бағасы литріне 150 теңгеге, дизель 180 теңгеге дейін төмендеді. Сондай-ақ, 500 мыңнан астам тонна бензин, 200 мың тонна дизель экспортталды, тапшылық болған жоқ. Біздің есептеуімізше биыл сұраныс айына 50-60 мың тоннаға жуық артқан. Дизель отынын қанша өндірсек те, сұраныс ұлғайып барады. Мамыр-қыркүйек айларында дизельге сұраныс 2019 жылмен салыстырғанда 260 тоннаға дейін өсті, ал өткен жылмен салыстырғанда 480 мың тоннаға артық. Тамыз айында 519 мың тонна дизель тұтынылды. Бұл тарихта болмаған жайт. Қор азайып барады. Сөйтіп, дизель бойынша экспорт наурыз айында, бензин бойынша қаңтар айында тоқтатылды», ˗ деді Энгергетика вице-министрі.
Айта кетерлігі, жанар-жағармай немесе дизель отынының бағасын 2016 бастап Үкімет реттеуден бас тартқан яғни, нарықпен реттеледі.
Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, шикізаттың қымбаттауы түптеп келгенде халық жиі тұтынатын азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер етеді. Қазір азық-түлік инфлияциясы 11 пайыз. Ұлттық банк бұл көрсеткішті 6 пайызға төмендетеміз дейді. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес. Алдағы уақытта көкөніс, жеміс-жидектің де құны айтарлықтай өседі.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы