Дезинфекция жасайтын ұйымдарға бақылау жүргізілмейді
Мәжіліс депутаты Артур Платонов төменгі палатаның корпусында өткен Үкімет сағатында сапасыз жасалатын дезинфекциялық шараларға қатысты мәселені тілге тиек етті. Ол Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жолдаған сауалында профилактикалық жұмыстарды орындау кезіндегі олқылықтарды болдырмау үшін қандай жұмыстар атқарылатынын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өз кезегінде Алексей Цой бұл міндетті бүгінде жекеменшік ұйымдар атқаратынын алға тартты. Ал оларды бақылау шаралары аз болғандықтан, қателіктерге жол берілетіндігі айтылды.
«Санитарлық эпидемиологиялық қызмет органдарына қандай да бір аккредиттеу жұмыстарын жүргізуге және рұқсат беру құжаттарының қосымша түрін жасауға тыйым салынды, тек шағымдар бойынша ғана тексерулерге шыға аламыз. Өкінішке қарай, шағымдар жоқ, бар болса, міндетті түрде тексереміз. Қазір біз осы қызметпен айналысатын ұйымдардың лицензиялық бақылауын тексеретін қандай да бір реттеушілік тәртібі мәселесін пысықтап жатырмыз», - деді Алексей Цой.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева да пандемия кезінде басымдылық берілген профилактикалық шараның кей жерлерде шала орындалғанын атап өтті.
«Бұл өзекті мәселе, міндетті түрде қолға алу керек. Өйткені дизенфекция жасайтын ұйымдардың тарапынан дәрінің орнына суды сеуіп кеткен сияқты жағдайлар болып жатты. Одан ешқандай нәтиже жоқ», - деді Балайым Кесебаева.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан