Танымал балалар хирургі Нұрлан Ақпаров өмірден озды
Дәрігер 10 000-нан астам операция жасаған
Белгілі балалар хирургі, медицина ғылымдарының докторы, Еуропа ғылым академиясының академигі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Ақпаров өмірден өтті. Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұжымы мен басшылығы ресми мәлім етті.
«Бұл тек біз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін орны толмас қайғы», – деп жазылған Н.Н. Ақпаровтың туыстары мен жақындарына көңіл айту мәтінінде.
Нұрлан Ақпаров медицина саласында 40 жылдан астам жұмыс істеген. Оның ішінде 28 жылдан астам Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қызмет етті. Бұл аралықта дәрігер 10 000-нан астам операция жасап, кішкентай бүлдіршіндерге екінші өмір сыйлады.
Н. Ақпаров Қазақстан Республикасында операциялардың 21 түрін алғаш рет енгізген, 300-ге жуық ғылыми жұмыс жазған, оның ішінде халықаралық рецензияланатын журналдарда жариялаған. Үш монографияның, 21-өнертабысқа алдын ала патенттің және үш рационализаторлық ұсыныстардың авторы. 1994 жылы Нұрлан Ақпаров академик Камал Ормантаевтың жетекшілігімен хирургия бөлімін ашты. Сол сәттен өмірінің соңына дейін балалар хирургиясы бөлімін меңгерді.
Оның жетекшілігімен бір докторлық және екі кандидаттық диссертация қорғалды. 2007 жылдан бастап дәрігер АҚШ-тың Cincinnati Children's Hospital Medical Center құрметті профессоры болды, 2007 жылдан бастап еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі болды. 2016 жылы Роберт Кох атындағы медальмен, 2017 жылы ғылымға қосқан үлесі үшін Александр III орденімен марапатталды.
Алғашқылардың бірі болып жалпы хирургия бойынша (Нью-Йорк қ., АҚШ, 2004), балалар колопроктологиясы бойынша (Цинцинати қ., АҚШ, 2006) және ультрадыбыстық скальпельді игеру бойынша (Мәскеу қ.), лапороскопиялық хирургия бойынша (Санкт-Петербург қ.) тағылымдамадан өтті. Н. Ақпаров АҚШ-та тағылымдамадан өткеннен кейін ТМД-да бірінші болып аноректальды аймақта (іш қуысы мүшелерінің қатерсіз және қатерлі ісіктері) операциялар жасай бастады.Ресейде мұндай операциялар Қазақстаннан бір жарым жыл өткен соң ғана енгізілді.