БҚО-ның индустриялық аймағы 5 жыл бойы жұмыс істемей тұр
Шикізаттың жеткіліксіздігіне байланысты 6 жобаның қызметі тоқтатылды

БҚО-да 2017-2020 жылдары іске асырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бөлінген қаражаттың 7,4%-ы ғана игерілген деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Есеп комитетінің мәліметінше, облыстағы индустриялық аймақта жоба ашуға инвесторлар құлықты емес. Соңғы 5 жылда ешқандай ұсыныс түспеген.
«Өңірді дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізу 57,4-78,8%-ды құрады, бюджеттік және стратегиялық жоспарлау арасындағы өзара байланыстың жоқтығын көрсетеді. Мемлекеттік бағдарламалардың нысаналы индикаторларының тек үштен бір бөлігі ˗ 32,4%-ы ғана іске асқан. Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген 36 инвестициялық жобаның ішінде нарықтың болмауына немесе шикізаттың жеткіліксіздігіне байланысты 3,9 млрд теңге сомасына инвестициялар көлемі бар 6 жобаның қызметі тоқтатылды», - делінген ведомство хабарламасында.
Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша уәкілетті органдарға 31 бұзушылық фактісі жолданған.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы