ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Қазақстан мұнайды көбірек өндірмек

Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 81 долларға дейін көтерілді

Фото: ашық дереккөзден

Brent маркалы мұнайдың құны 2018 жылдан бері алғаш рет барреліне 81 долларға көтерілді. Бұл алдыңғы тәулікпен салыстырғанда 3,1%-ға артық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қара алтын бағасының қымбаттауына ОПЕК + келісімі тікелей әсер етіп отыр. Соның аясында Қазақстанға мұнай өндірісін тәулігіне 16 мыңнан 1 жарым млн баррельге дейін арттыруға рұқсат етілді.

Таяуда ОПЕК + келісіміне қатысушы елдердің отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев келесі айларда өндіріс біртіндеп артатынын хабарлаған болатын.

«ОПЕК+ келісіміне қатысушылар шектеуді алып тастағанға дейін ай сайын тәулігіне 400 мың баррельге ұжымдық арттыру туралы шешім қабылданды», ˗ делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Мұнай бағасының қымбаттауы халықтың қаржылық жағдайына қалай әсер етеді? Тәуелсіз сарапшы, Айдар Алибаевтың айтуынша, әлемдік мұнай бағасының өсуі біздің бюджетке оң әсер ететіні сөзсіз. Себебі бәрімізге мәлім. Қазына бүйірін шикізатты, оның ішінде мұнай сату арқылы толтырып отырмыз.

«Бұл қанша жылдан бері балталасаң бұзылмайтынтен тенденцияға айналып кеткен. Бұдан халықтың жағдайы күрт жақсара қояды деп ойламаймын. Мемлекеттік бюджет баяғыда бекітіліп қойған. Әлеуметтік төлемдер де айтарлықтай артады деп үміттенудің қажеті жоқ. 

Мұнайдан түсетін табыс артса да, бюджетте 40 пайыз тапшылық бар. Оны жабуы тиіс саланың бірі шағын кәсіпкерлік еді. Ол пайда әкелмек түгілі, өз аяғында әрең тұр. Сондықтан шығындарды қысқарту туралы әңгіме айтпас бұрын, қазына қаражатын толтыруға басымдық беру керек. Елдің табысы, экономикасының тіреуші күші жоқ болса, мемлекеттің шығындарды қысқартудан басқа амалы жоқ. Бұл қысқартудың бір ұшы халыққа да тиетінін ұмытпаған дұрыс», ˗ дейді сарапшы.

Айта кетерлігі, жақында ОПЕК+ аясында Қазақстан үшін квота қазан айында тәулігіне 1,524 млн баррельді құрайды, ай сайын өндіру орташа есеппен тәулігіне 16 мың баррельге артады.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы