Ақпарат министрлігінде «NEET» санатындағы жастармен кеңес өтті
«NEET санатындағы жастар» ұғымын заңнамалық түрде бекіту жоспарланып отыр
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров «NEET» санатындағы жастармен, әсіресе өңірлік деңгейде әдіснамалық қамтамасыз ету және жұмыс алгоритмдерін қалыптастыру мәселелерін талқылау бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Асқар Омаров «NEET» санатындағы жастар санын азайту жөніндегі қызмет «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының және оны іске асыру жөніндегі Жол картасының 71-тармағында бекітілген басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «NEET» санатындағы жастармен жұмыс механизмдерін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде.
Осылайша, ішкі қайта бөлу есебінен жастар ресурстық орталықтарында атаулы жұмыс бойынша арнайы бөлімдер құрылады, жастардың өңірлік базасы қалыптасады және жаңа біліктілік алуға, оқуды жалғастыруға немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жас азаматтарды әлеуметтендіру бағдарламасы дайындалады.
Бұдан басқа, мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасы шеңберінде «NEET санатындағы жастар» ұғымын заңнамалық түрде бекіту жоспарлануда.
Кеңеске ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының, «NEET» санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі республикалық жобалау кеңсесінің және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша аталмыш санатты мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз мақсатында «NEET» санатындағы жастарды есептеу әдістемесін өзектендіру мәселесін тағы да қосымша қарау туралы шешім қабылданды.