Көкшетаулық өнертапқыш қуаңшылықты болдырмайтын жаңа технология ойлап тапты
Жаңа технология егістік алқаптарында ылғалды ұзақ сақтауға көмектеседі
Көкшетаулық Серікбай Сағындықовтың тың технологиясы туралы 24.kz арнасы хабарлады.
Автордың түсіндіруінше, бұл құрылғы қарды нығыздап, оның тез еріп кетуіне жол бермейді. Серікбай Сағындықовтың мұндай бастаманы қолға алуына еліміздегі биылғы қуаңшылық себеп болған.
Өнертапқыш ойлап тапқан техниканың сызбасы қарапайым болғанымен тиімділігі жоғары. Оны іске асыруға көп қаражат та кетпейді. Автордың айтуынша, бұл техника тракторға тіркеме ретінде жалғанатын үш бұрышты үлкен сүзгіге ұқсайды. Техника бойына жинаған қарды нығыздап, оны мұзға айналдырып шығарады.
Өнертапқыш тың техниканы қыстың соңына қарай негізінен биік жерлерге қолдану керектігін айтады. Себебі қыраттарда қар көп тұрмайды. Ал ол нығыздалып мұзға айналған соң ұзақ ериді. Сондықтан бұл қардың әдеттегіден 2-3 аптаға кеш еруіне көмектеспек.
Биыл солтүстік аймақтарда көптен бері болмаған қуаңшылық болып, астық жылдағыдан 1-1,5 млн тоннаға аз жиналды. Алайда өткен қыста қар көп түсті. «Міне, соны егін алқаптарында ұстай алмағанымыз қынжылтады» дейді өнертапқыш. Айтуынша, мұны ойлап қазір ғалымдар да бас қатырып жатқан жоқ. Жобасы қолдау тауып, жүзеге асып жатса, көкшетаулық азамат оны инновациялық идеялар байқауында да таныстырмақ ниетте.