Халық көп алданған қаржы пирамидалары анықталды

Саудагер-алаяқтар қазақстандықтарды интернет және әлеуметтік желілерде 1 млрд теңгеге алдап кеткен

Фото: ашық дереккөзден

Халық көп алданған қаржы пирамидалары анықталды. Саудагер-алаяқтар қазақстандықтарды интернет және әлеуметтік желілерде 1 млрд теңгеге алдап кетті. Осындай 11 мыңнан астам жағдайы тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың айтуынша, жақында Жамбыл облысында бір келіншек Instagram-да аккаунт ашып, онда киім сататыны туралы жалған хабарландыру орналастырған. Қолында көрсететін тауары болмағандықтан сатып алушыларға «курьерлік қызмет арқылы жеткіземін» деп уәде берген. Төлемді алдын ала 100% алып отырған. Соңында 40 азамат зардап шегіп, шығын сомасы шамамен 2 млн теңгеге жетті. Қылмыстық іс сотқа жіберіліп, сот үкімімен айыпталушы 3,6 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Цифрлық Қазақстан» қауымдастығының басқарушы директоры Денис Степанцев бұл мәселені шешу үшін интернет сатушысын қандай да бір мемлекеттік сайтқа ерікті түрде тіркеуді ұсынады. Сол арқылы клиент онлайн сатушыны ID бойынша тексереді.

«Тағы бір мәселе, әлеуметтік желі арқылы саудасын жүргізіп отырғандармен тауарды қайтарғысы келген тұтынушы арасында дау туындайды. Осы ретте, клиентке тауарды алғанға дейін шартты бұзу мүмкіндігі берілуі тиіс», – деді Д. Степанцев.

Айта кетерлігі, биыл қаржы пирамидаларынан келген шығын көлемі 21 млрд теңгеден асты. ІІМ Тергеу департаментінің дерегінше, жыл басынан бері қаржы пирамидасы бойынша 330 қылмыстық іс тергеліп, оның 177-сі немесе 53,6% сотқа жолданған. Бүгінгі таңда 62 адам тергеуде, оның 55-і қамауға алынды.

Әсіресе, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында алаяқтардың әрекетінен көптеген азаматтар зардап шекті. Онда «Астекс», «тиімді депозит», «астра консалтинг», «бизнес лайн», «хоум авто инвест» және т. б. ірі қаржы пирамидаларына алданғандар көп.

Олар көбіне «перспективалы бизнес», «жоғары технологиялық компания», «инновациялық жоба» сияқты танымал және тартымды атауларды жиі қолданады екен.

Айта кетерлігі, бұған дейін мәжілісмендер эстрада жұлдыздарын қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін қылмыстық жазалауды ұсынған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.