Қазақ радиосы тарихымыз бен дәстүрімізді дәріптеуге үлкен үлес қосты – Мәулен Әшімбаев

Қазақ радиосының хабар тарата бастағанына тура 100 жыл толып отыр

Фото: egemen.kz

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев радио қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті радио қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленген бұл күн биыл елімізде алғаш рет аталып өтуде. Оның өзіндік мәні бар. Себебі, биыл отандық радиолардың қарашаңырағы Қазақ радиосының хабар тарата бастағанына тура 100 жыл толып отыр.

Осы жылдардың ішінде Қазақ радиосы халқымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінен бастап тарихымыз бен дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен үлес қосты», - делінген құттықтауда.

Сенат төрағасы өз сөзінде әр жылдары осы ұжымда Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Шәмші Қалдаяқов сияқты біртуар тұлғалар еңбек еткенін, сол сияқты қазақ дикторлық мектебінің шыңында тұрған Әнуар Байжанбаев, Мина Сейітова, Сауық Жақанова сияқты майталман мамандар ұлт мақтанышына айналғанын айрықша атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған әндер мен күйлер, сұхбаттар мен әңгімелер, жаңалықтар мен шолулар ұлтымыздың бір ғасырлық шежіресі десе, артық емес. Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаларымыздың даусы сақталған сирек жазбалардың бүгінге жетуі соның жарқын көрінісі.

Тәуелсіздік отандық радио саласының дамуына тың серпін берді. Бұрын бір ғана Қазақ радиосы болса, егемендік кезеңінде ондаған жаңа радио ашыла бастады. Олардың тақырыптық аясы да айтарлықтай кеңейе түсті. Алдағы уақытта елімізде бұл сала бұдан да ерекше екпінмен дамиды деп сенемін. Себебі, қазіргідей ақпараттық технологиялар кезеңінде радио заман талабына бейімделіп, өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Еліміздегі барша радио қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін! Ұлтты ұйыстыратын және отаншылдыққа үндейтін хабарларыңыз көп болсын!» - деді Мәулен Әшімбаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.