Путин АЭС салу бойынша Қазақстанға көмек беруге дайын екенін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаев пен Путиннің қатысуымен онлайн форматта форум өтіп жатыр

көрнекі фото

2019 жылы РФ президенті Владимир Путин ресейлік технологияларды қолдана отырып, Қазақстанда Атом электр станциясын салуды ұсынды. Путиннің ұсынысынан кейін Алматы облысындағы Балқаш өзені жағасынан АЭС салу мәселесі қаралды.

Бүгін Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен өтіп жатқан екі елдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Владимир Путин егер Қазақстан тарапы нақты бір шешім қабылдайтын болса, Ресей тарапы АЭС салу мен оны іске қосуға қатысты көмек беруге дайын екенін жеткізді.

«Біз көршілеріміздің, достарымыздың, одақтастарымыздың, соның ішінде Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарларына мұқият қараймыз. Ресей тарапы серіктестеріе, соның ішінде қазақстандық серіктестеріне мұндай шешім қабылданған жағдайда атом электр станцияларын салуға және пайдалануға қолдауын ұсынады», - деді ол.

Еске салайық, 3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде өткен Шығыс экономикалық форумда сөз сөйлеп, Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет деген пікір білдірді.

Тоқаев форумдағы сөзінде Қазақстан халқына жолдауында Үкіметтің алдына елде атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеу міндеті қойылғанына тоқталды.

«Мен бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын, өйткені Қазақстанға атом станциясы қажет», - деді Тоқаев.

Жақында Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев алдағы үш жылдық бюджетте Қазақстанда атом электр станциясын салуға қаражат қарастырылмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АЭС құрылысына қатысты республикалық бюджеттің жобасында ақша қарастырылмаған.