«Bek Air» әуе компаниясының 100-ге жуық рейсі орындалмайды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл рейстер 2019 жылғы 27-31 желтоқсан күндері аралығына жоспарланған

Фото: ашық дереккөзден

«Bek Air» әуе компаниясы ұшырылымдарының Нұрсұлтан-Қызылорда, Қызылорда - Нұр-Сұлтан, Нұр-Сұлтан - Атырау, Атырау - Шымкент, Шымкент - Нұр-Сұлтан, Нұр-Сұлтан - Алматы, Алматы - Орал, Орал - Алматы, Алматы - Ақтау, Ақтау - Алматы, Алматы - Павлодар, Павлодар - Алматы, Ақтау - Шымкент, Атырау - Алматы, Нұр-Сұлтан - Шымкент, Алматы - Нұр-Сұлтан, Шымкент - Атырау, Атырау - Нұр-Сұлтан, Нұр-Сұлтан - Алматы, Шымкент - Ақтау бағыттары бойынша 100-ге жуық рейсі орындалмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, бұл бағыттарға барлығы 9157 билет (8180 ересек, 765 бала, 212 нәресте) сатылған. Қазіргі уақытта әуе компаниясы 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін жоспарланған барлық рейстерге билеттердің толық құнын қайтарып жатыр. 

2020 жылғы қаңтардың 3-10 аралығына (2020 жылғы 1-2 қаңтарға рейстер алдын ала жоспарланбаған) «Bek Air» әуе компаниясының рейстеріне 9785 (8307 ересек, 1153 бала, 325 нәресте) билет сатылған. 

Осыған орай ұшырылмайтын рейстердің жолаушыларына өзге әуе компаниялардың қызметін пайдалануға, сондай-ақ басқа көлік түрлерін қарастыруға кеңес беріледі. 

Отандық әуе компанияларының мәліметінше, «Bek Air» әуе компаниясының рейстері орындалмайтынына байланысты билеттердің құны көтерілген жоқ. Тиісінше, болған апатқа орай әуе билеттері бағасының шарықтап кеткені жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Өйткені, Жаңа жыл қарсаңында және демалыс күндері билеттердің құны басқа күндерге қарағанда бұрыннан қымбатырақ болады. Жалпы билетті өз бағасына алу үшін делдалдардың қызметіне жүгінбей, әуе компанияларының ресми сайттарынан және аккредиттелген сату нүктелерінен алуға кеңес беріледі.