Шоқан Уәлихановтың әжесі салдырған қоныс бүгінде Республикалық киелі орындар тізіміне енгізілген
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлерге жұмыс сапары аясында Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданында орналасқан әйгілі Айғаным ханымның қонысына арнайы ат басын бұрды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Атақты ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан Айғаным ханым салдырған бұл қоныс – жұртшылық жиі баратын туристік нысандардың бірі. Бүгінде ол музей-кешен ретінде қызмет етуде. Мәдени нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Республикалық киелі орындар тізіміне енгізілген», - деп жазды Бауыржан Байбек Instagram желісіндегі парақшасында.⠀
Бауыржан Байбек табиғаты көз тартатын Сырымбет тауының баурайында орналасқан музей-кешенге баратын жолға жөндеу жүргізілсе, туристер саны одан әрі арта түсетінін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, алдағы екі жылда аудан орталығы Саумалкөлден Сырымбет ауылына дейінгі 30 км жолға жөндеу жүргізіледі.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 1 100 км жол салынады.
«Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы еліміздің туристік тартымды аумақтарының ондығына кіреді. Осыған орай «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарлама аясында өңірде Имантау-Шалқар курорттық аймағында 15 заманауи демалыс базасын салуға, қолданыстағы демалыс орындарын жаңғыртуға, көліктік және инженерлік инфрақұрылымын реконстукциялауға және туристік нысандар мен киелі жерлерді дамытуға ықпал ететін болады», - депі жазды Б. Байбек.