Үйінің қабырғасы жарылған Петропавл тұрғыны құрылысшыларды сотқа бермек

Автор: Azattyq Rýhy

Самат Көпеевтің айтуынша, монополист компания жылу құбырын ауыстыру мақсатында көшені қазып тастаған

Қызылжар қаласының тұрғыны «Петропавл жылу желілері» серіктестігінің үстінен облыстық Полиция департаментіне шағымданды. Монополист компания жылу құбырын ауыстыру мақсатында көшені қазып тастаған. Арызданушы Самат Көпеевтің айтуынша, соның кесірінен үйінің қабырғалары жарылып жатыр.  Ал жұмысшылар болса оған құрылыстың еш қатысы жоқ екенін алға тартып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қақаған қыста жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Петропавл қаласындағы жылу құбырларының басым көпшілігінің тозығы жеткен. Шаһардың әр ауданында апат болып, коммуналдық қызмет өкілдері мен тұрғындарды жиі әуреге салып тұрады. Жылу павильондары да ескірген. Мұндай нысандардың бірі Советская көшесінде орналасқан. «Петропавл жылу желілері» серіктестігі оны толықтай ауыстырып, жаңасын қолданысқа енгізбек. Қыстың қақаған аязына қарамастан, қазір нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Советская және Крепостная көшелерінің қиылысында жылу павильонын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған кіріспес бұрын мекеме облыстық сәулет және құрылыс басқармасының рұқсатнамасын алды. Жұмыс жүргізуге құқық беретін ордер де бар. Біз Қазақстан Республикасының барлық заңнамаларын сақтай отырып, жұмысқа кірістік. Жөндеуге байланысты жылусыз қалған үй жоқ. Уақытша схема бойынша беріліп жатыр», - дейді «Петропавл жылу желілері» ЖШС баспасөз хатшысы Андрей Агеев.

Жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңін биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Советская көшесіндегі үйлердің бірінің иесі Самат Көпеев жұмысшылар белгіленген мерзімге дейін жоспарды аяқтай алмайтындығын айтады.

«Жұмысшылар нысанды дер кезінде тапсыруға үлгере алмай жатыр. Сондықтан, өздері жасаған олқылық үшін жауапкершіліктен қашу мақсатында менің үстімнен полицияға арыз жазып, жөндеу жұмыстарына кедергі келтіргенімді, соның кесірінен уақыт жоғалтқандықтарын жазған. Менің олармен дауласқаным бар. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ жұмыстарына соншалықты кедергі келдірген жоқпын. Полицияға да арыздандым. Былтыр ғана салған үйімнің қабырғалары жарылып, бір жағына қарай қисайып жатыр. Үйдің іргесін қазып жатыр. Қашықтық 3-4 метр ғана. Жарылмағанда қайтсін? Сарапшыларды шақырып, бәрін дәлелдеймін», -  дейді Петропавл қаласының тұрғыны.  

Ал жұмысшылардың өз уәжі бар. Олар Көпеев үйіне жылу құбырын тегін тартып алғысы келгендіктен осындай әрекетке барғандығын айтады.

«Біз 7-ші жылу магистралін жаңартып жатырмыз. Бұл келесі жылға ауысатын жоба. Біз оны жақында бастадық. Жазда жұмысты қайта жалғастырамыз. Сынақ, тексеру жұмыстарын жүргізіп, дәл осы учаскедегі жылу магистралінің жарамсыз болып қалғаны анықталды. Жалпы аумағы 800 метрге жақын. Қазір ескі жылу бекетін алып тастап, жаңасын орнатып жатырмыз. Келесі көшеге де жылу осы жерден беріледі. Біз «Петропавл жылу желілері» мекемесінің тапсырысын орындаушымыз. Аталған серіктестік мамандары жұмысты бастамас бұрын тұрғындармен кездесті. Бәрі келісімін беріп, құбырды ауыстыру жөнінде байламға келді. Одан кейін шағым түскен емес. Тек бір үйдің тұрғыны бізбен дауласып, полиция шақыртты. Ол үйіне жылу құбырын тартуды талап етіп отыр. Техникалық талаптар бойынша ол жай ғана жасалатын шаруа емес. Біз кез келген адамға құбырды қосып бере алмаймыз. Бәрі жобаға сай болуы керек.

Нысанды дер кезінде тапсырып үлгеру үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Тек тұрғындар оған кедергі келтіріп жатыр. Тіпті тас лақтырып, жұмысшыларды қуды», - дейді «Энергоқұрылыс» серіктестігінің прорабы Игорь Сермакшев.

Қабырғаның жарылғанына кім айыпты?

«Петропавл жылу желілері» сектіктестігі бір үйдің ғана иесінен шағым түскендігін айтады. Мекеменің баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылған қабырғаларды зерттеу жүргізілген.

«Жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатқан аумақта 2 көпқабатты, 9 жеке тұрғын үй бар. Олардың ешқайсысынан арыз түкен жоқ. Қабырғасы жарылған баспана қазылып жатқан құбырларға соншалықты жақын орналаспаған. Сондықтан, оның себебі басқа», - дейді Андей Агеев.

Монополист компания мамандары Петропавл тұрғындарынан бұған дейін осы сынды арыз түсіп көрмегенін айтады. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Советская көшеінде көлік қозғалысы да қиындаған.

«Көшеде көліктің жүруі де қиындап кетті. Құрылысшылардың жұмысына мен ғана емес, басқа көршілер де шағымданып жатыр. Мен өзімнің құқығымды қорғау үшін сарапшылар шақырамын. Үйдің қабырғаларының жөндеу жұмыстарының кесірінен жарылғанын дәлелдеймін. Қыруар қаражат құйып салған үй бүлініп жатыр. Құрылысқа алған несиені де төлеп болған жоқпын», - дейді Самат Көпеев.

Осылайша жылу құбырын ауыстыру мәселесі құрылысшылар мен тұрғындар арасында бітпес дауға ұласқан. Екі жақ та полицияға бір-бірінің үстінен жазған арыздарын алғысы жоқ.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО