Informburo.kz порталының редакторы Алматыдағы ұшақ апатынан опат болды
Белгілі журналист, Informburo.kz порталының шығарушы редакторы Дана Круглова Алматы түбіндегі ұшақ апатынан қаза тапты. Журналист биыл 35 жасқа толған.
Bek Air компаниясының Алматы-Нұр-Сұлтан бағытында ұшқан ұшағы Алматы облысындағы Қызыл Ту ауылының маңында құлап, бетон ғимаратқа соғылған. Қаза тапқандардың саны, өкінішке қарай, артып келеді.
Дана Круглованың ата-анасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Informburo.kz редакцияның мәліметіне сүйенсек, Дананың Алматыда жұмыс кездесулері жоспарланған. Бірақ, Жаңа жылды ата-анасымен қарсы алғысы келген ол ақыры осы рейске билет алған.
«Дана Круглова нағыз журналист еді. Оның мақалалары резонанс тудыратын, редакцияның бүкіл журналистері үшін үлгі еді. 2019 жылдың қаңтарында ол шығарушы редактор, ал, 1 желтоқсаннан бастап редакцияның тергеу бөлімін жетектеуге көшті. Дана өте әділ, өткір әрі обьективті журналист еді. Бүкіл редакция үшін орны толмас өкініш», - дейді Informburo.kz редакциясының бас редакторы Михаил Дорофеев.
Журналист әріптестері әлеуметтік желіде Дана Круглованы еске алып, оның мықты маман, ақкөңіл адам болғанын жазып жатыр.
Бұл апатта сондай-ақ «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-майор Рүстем Қайдаров та қаза тапқан. Ол 1940 жылы туған.