$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.09.2021, 13:34
Жаңалықтар

Алматыда оққа ұшқан полицейлердің отбасына үй беріледі

Қаза тапқан полиция қызметкерлерінің артында кәмелет жасқа толмаған жеті бала қалды

Алматыда оққа ұшқан полицейлердің отбасына үй беріледі
фото: polisia.kz

Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев Алматы қаласында болған атыстан қаза болған полиция қызметкерлерінің отбасыларына барып қайтты.

Вице-министр Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тұрғын үй береді.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бұйрығымен тәртіп пен заңдылықты соңына дейін күзеткен учаскелік инспекторлар «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге косқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 жылы туған, ҚР ІІМ Алматы академиясының магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалған еді. ІІО қызмет еткен жылдар ішінде ол 6 марапатқа ие болды, оның ішінде «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» 3-дәрежелі медалімен, сондай-ақ, «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар.

Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 жылы туған, ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. Ол 13 марапатқа ие болды, оның ішінде «Үздік құтқарушы жауынгер» және «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баласы бар.

Еске салайық, 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және ТЖД қызметкерлеріне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты. Қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған бесінші адамның жаңа үй қожайынының танысы екені анықталды.

Серіктес жаңалықтары