БАҚ-та жарияланған фотоларда кездесуге келген әр қонақтың алдына қос-қостан «Қазақстан» шоколадының қойылғаны көрініп тұр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары кезінде белгілі америкалық саясаткерлер және сарапшыларға «Қазақстан» шоколадын тарту етті, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БАҚ-та жарияланған фотоларда кездесуге келген әр қонақтың алдына қос-қостан «Қазақстан» шоколадының қойылғаны көрініп тұр. Бұл кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптестермен энергетика саласындағы бірлескен жобалардың жай-жапсарын пысықтады. Қазақстанда мұнай-газ өндірісі саласында Chevron, ExxonMobil, General Electric, Halliburton секілді ірі компаниялар жұмыс істейді.
Айта кетейік, «Қазақстан» плиталық шоколадын «Рахат» компаниясы шығарады. Компания 1942 жылы құрылған Алма-Ата кондитерлік фабрикасының негізінде жұмыс істейді. 1992 жылы кәсіпорын атауы «Рахат» акционерлік қоғамы деп өзгертілді. Өндіріс орны Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан. 2013 жылы Оңтүстік Кореяның LOTTE Confectionery компаниясы «Рахат» АҚ акцияларының басқарушы пакетін сатып алған. Биыл корейлік компания «Рахат» АҚ-ғы үлесін 95, 5656 % дейін көбейтті.