Алматы облысындағы бір мектепте 3 бала менингит жұқтырды
Ата-аналар оқу орнында карантин жариялауды талап етуде
Ауруға шалдыққан үш бала да Қарасай ауданының Абай ауылындағы мектепте оқиды. Олар дереу инфекциялық ауруханаға жатқызылған деп хабарлады КТК телеарнасы.
Ата-аналар мектепті карантинге жабу керек деп дабыл қаққанымен, санитар-дəрігерлер «даурығуға негіз жоқ» деп отыр.
«Менингит болғанын растаймыз. 1-сынып оқушысы бес күн үйінде ем алған. Екіншісі 7-сынып оқушысы он күн үйінде емделіп келген. Сосын қайта ауырып, ауруханаға барғанда анықталды. Үшінші оқушы ауырып жатқан. Ол қаладағы емханада емделіп жатқан. Менингитпен ауырды деп бүгін естідік», - дейді мектеп директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Дəурен Бұрғанбаев.
Қазір кей ата-ана балаларын мектепке жіберуден бас тартыпты. Ал, сабаққа кеп жүрген оқушылар беттерін медициналық маскамен жауып алған. Дәрігерлер мектепті толықтай залалсыздандырдық дейді. Науқастармен байланыста болған жүзге жуық адам тексеруден өтіпті.
Қазір менингит жұқтырған үш оқушы инфекциялық ауруханада жатыр. Олардың жағдайы қалыпты дейді дəрігерлер.
Жыл басынан бері Қарасай ауданында ми құртына шалдыққан 38 адам тіркеліпті. Оның 35-і толық емделіп шыққан.