УЕФА Ұлттар лигасының регламентін өзгертті: Қазақстанның қарсыластары кімдер?
Қазақстан ұлттық құрамасының топтық кезеңдегі нақты қарсыластары кімдер болатынын 2020 жылдың 3 наурызында біле аламыз

УЕФА 2020/2021 жылдары өтетін футболдан Ұлттар лигасының форматын өзгертті. Жаңа өзгерістер бойынша A, B, C лигаларында 16 командадан өнер көрсетеді. Ал D лигасында бас-аяғы 7 команда өнер көрсетеді. Нақты қай топта қандай командалар болатыны туралы ресми ақпаратты 2020 жылдың 3 наурызында Амстердамда өтетін жеребе рәсімінен кейін біле аламыз.
А лигасы:
Португалия (чемпион), Нидерланды, Англия, Швейцария, Бельгия, Франция, Испания, Италия, Босния және Герцеговина, Украина, Дания, Швеция, Хорватия, Польша, Германия, Исландия
А лигасындағы 16 команда 4 топқа бөлініп, әр топта бірінші орын иеленген командалар Ұлттар лигасының финалдық кезеңіне жолдама алады (жартылай финал, үшінші орын үшін талас, финал).
В лигасы:
Ресей, Австрия, Уэльс, Чехия, Шотландия, Норвегия, Сербия, Финляндия, Словакия, Түркия, Ирландия, Солтүстік Ирландия, Болгария, Израиль, Венгрия, Румыния
Бұл лигадағы командалар да төрт топқа бөлінеді. Өз тобында бірінші орын алғандар А лигасына жолдама алады, ал өз тобында соңғы орын алғандар С лигасына төмендейді.
С лигасы:
Грекия, Албания, Черногория, Грузия, Солтүстік Македония, Косово, Беларусь, Кипр, Эстония, Словения, Литва, Люксембург, Армения, Әзірбайжан, Қазақстан, Молдова
Бұл лигадағы командалар да төрт топқа бөлініп өнер көрсетеді. Топ лидерлері В лигасына жолдама алып, ал өз тобында соңғы орын алған аутсайдер төрт команда арасында өзара іріктеу өтіп (стыковой), жеңілген екеуі D лигасына жіберіледі.
D лигасы:
Гибралтар, Фарер аралдары, Латвия, Лихтенштейн, Андорра, Мальта, Сан-Марино
Екі топқа бөлінеді. Бір топта 4 команда, екінші топта 3 команда болады. Әр топтан шыққан үздік екі команда тиісінше С лигасына жолдама алады.